Биыл 11-сыныпты тәмамдаған түлектер саны – 172 мың. Ал соңғы қоңырау елімізде биыл алғаш рет ертең соғылады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Бұл сәт таяған сайын "Оқу жылын ұзарту қате шешім болды" деп пікір білдірушілер қатары көбейіп барады. Солардың бірі элитолог Ербол Еділов бұл өзгеріске "О бастан абсурд шешім" деп баға берді. Ол тиісті министрлік мұғалімдердің жүктемесін азайтып, оқушыларға сенбі күні демалыс беру арқылы бюджетке 180 млрд теңге салмақ түсіргенін жазды.
"Бүкіл Қазақстан бойынша миллиондаған ата-ана сияқты мен де оқу жылын 31 мамырға дейін ұзарту не үшін керек болғанын түсінбеймін. Мектеп бағдарламасына сәйкес келу керек, аптасына оқу сағаттарының қысқаруына байланысты жылдың оқу күндерін көбейту қажет деген дәйектер айтылды. Бұл дәйектерді дұрыс дейін десек, мұны қарапайым факт бұзады қазір оқушылардың дені оқулықтарын тапсырып қойған. Мектеп бағдарламасының орындалуы туралы сөз қайда қалды сонда?", - деді элитолог Ербол Еділов.
Еділов бұл шешімге қоғамдық ұйымдар, депутаттар, мұғалімдердің өздері де қарсы болғанын, ал ата-аналар тіпті өре түрегелгенін мысалға келтірген. Ал Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова оқушылардың ата-аналары петиция дайындап жатқанын айтты. "Мен мұғалім ретінде, білім беру саласындағы сарапшы ретінде бұл ойластырылмаған, негізі жоқ, кәсіби емес әкімшілік шешім деп санаймын". Бүгін Мәжіліс кулуарында депутат өз ойын осылай жеткізді.
"Егер сабақтардың санын есептейтін болсақ, онда ол шетелдегі оқу жылының мерзімімен сәйкес келеді. Сонымен қатар, балалардың жазда қанша демалатынын салыстыруға болмайды. Кей елдерде оқушылар қыста 1 ай немесе жылдың басқа уақытында екі 2 демалады. Олардың оқу жылының мүлдем басқа құрылымы бар және бізге айтылатын дәйектер халықты адастыру. Олар бізді дұрыс шешім қабылдағандарына сендіріп әлек. Бұл –қате шешім", - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова.