"Наурыз" ипотекасы: жаңа бағдарлама ауылдағы ағайынды жарылқай ма?

Елімізде 1 мамырда тағы бір жаңа ипотекалық бағдарлама басталмақ. 

"Наурыз" ипотекасы: жаңа бағдарлама ауылдағы ағайынды  жарылқай ма? Фото: Валерий Бугаев

Бұған дейінгі баспана алуға бағытталған несиелердің барлығы дерлік тек қала жұртшылығын қамтыса, бұл ауылдықтардың өз үйіне қол жеткізуді көздейді. Ал ол қаншалықты тиімді? Жалпы, ауылдық елді мекендердегі тұрғын үй нарығының жағдайы қалай? Inbusiness.kz тілшісі талдап көрді. 

Баспана бағасы аспандап тұр 

Әдетте, қалалық жерлердегі пәтерлердің бағасы құбылып, шарықтап шыға келетіні бар. Айталық, Ұлтық статистика бюросының мәліметінше, елімізде көпқабатты үйлердегі пәтерлердің бағасы өткен жылмен салыстырғанда 4,4%-ға қымбаттаған. Орташа алғанда бір шаршы метрдің бағасы 493,6 мың теңге тұрады. Жаңа пәтерлер бағасының да 2,9%-ға өскені байқалады. Былтыр бір шаршы метрі 486,7 мың теңге болса, қазір – 494,9 мың теңге тұрады. 
Ауылдағы жер үйлердің бағасы да пәтерлерден қалысып жатқан жоқ. Мұндағы баспаналардың бір шаршы метрінің бағасы 120 мың теңгеден басталып, 200 мың теңгеге дейін жетеді. Айталық, Павлодар облысындағы аудандарда үйлердің орташа бағасы 7-8 млн теңгені құрайды. Бұл ретте облыс орталығынан алшақтығы, орталықтандырылған инфрақұрылымдық желілердің болуы, әлеуметтік нысандармен қамтылуы сынды бағыттар да есепке алынады. Мұндай игілігі бар елді мекендердегі бір үйдің бағасы 15 млн теңгеге дейін бағаланады. Ал аудан, облыс орталығынан қашықта жатқан, ұялы байланыс сапасы нашар елді мекендердегі кейбір үйлерді жұрт 1 млн теңгеге де өткізе алмай қиналады. 

Мәселен, облыс орталығынан шамамен 200 шақырым қашықтықтағы Железин ауданындағы үйлердің бағасы – 10-15 млн теңге аралығында. Салыстырмалы түрде қарасақ, бұл сомаға облыс орталығынан бір немесе екі бөлмелі пәтер алуға болады. кrіsha.kz сайтына жарнама берген железиндік тұрғындардың біріне хабарласып, бағаның қалай белгіленгенін сұрап көрген едік. 

"Төрт бөлмелі, жазғы асханасы, моншасы, көлік қоятын гаражы, бау-бақшасы, қора-қопсысы бар үйім үшін 14 млн теңге сұрап отырмын. Біздің ауылдағы баға осындай. Кейбірі 15 млн теңгеге де бағалайды. Сондықтан, бағаны нарыққа қарап белгіледім. Бұл – бір. Екіншіден, біздің ауылда жақсы жол, орталықтандырылған су, ұялы байланыс пен интернет, заманауи әлеуметтік нысандар – бәрі бар. Жағдайымыз қаладан артық болмаса, кем емес. Сол себепті шығар, қазір ауылдағы үйлерге сұраныс жоғары. Әсіресе, бір кездері қалаға үдере көшкен кей ауылдастар тыныш, ауасы таза, табиғаты әдемі туған жерлеріне қайтып келіп жатыр. Сайып келгенде, меніңше баға тым қымбат емес. Отбасылық жағдайға байланысты қоныс аударуға тура келмесе, өзім де туып-өскен ауылымнан кетпес едім", - дейді өзін Владимир деп таныстырған сатушы. 

Ал Павлодар қаласының тұрғыны Самат Әбдірахмановтың айтуынша, қазір ауылдағы баспаналардың бағасын бәрінің бірдей қалтасы көтере бермейді. 

"Жасыратыны жоқ, бүгінде қала түгілі ауылдан үй алудың өзі мұң. Осыдан бірнеше жыл бұрын егде тартқан ата-анамызды қасымызда болсын деп қалаға көшіріп алған едік. Сол тұста ауылдағы үйімізді 5 млн теңгеге саттық. Енді денсаулық жағдайына байланысты қарт әке-шешеммен қайтадан ауылға көшуге тура келіп отыр. Баспана алайық десек, бағасы – 10 млн теңге. Мұндай сомадағы қолма-қол ақша қарапайым адамдардың қалтасында қайдан болсын?! Елді мекендердегі үйлерге ипотека да берілмейді. Әйтеуір, бауырларыммен қолда бар ақшаны қосып, оның үстіне банктен кәдімгі тұтынушылық несие алудан басқа амал қалмады. Ал оның пайызы өте жоғары. Айына 200 мың теңгеден астам төлем жасаймыз. Бұл кәдімгідей қалтаға салмақ салады", - дейді ол. 

Шынымен, кей ауылдарда шарықтап тұрған баспаналарды алуға әркімнің шамасы келе бермейді. Бұл ретте атап өтерлігі, Павлодар облысында 366 ауылдық мекен бар. Өңірде барлығы 753,7 мың азамат тіркелген. Оның 220,4 мыңы, яғни небары 29,2%-ы ауылда тұрады. 

Тұрғындарға тиімді ме?

Ауылдық жерлерден үй алуда тығырыққа тірелетін тұрғындар үшін 1 мамырда жаңа бағдарлама басталмақ. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда айтқан болатын. 

"Баспана – жұрттың тұрмыс сапасын танытатын тағы бір маңызды көрсеткіш. Биыл 1 наурыздан бастап іске қосылған "Отау" ипотекалық бағдарламасы ел ішінде үлкен сұранысқа ие болып отыр. Бұған қоса, ауыл және аудан орталығының тұрғындарына арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасын қолға алу керек. Бұл ретте әлеуметтік тұрғыда осал топтағы жандар үшін несие өсімі 7 пайыздан аспауы қажет. Сонымен қатар сатып алу құқығымен жалға берілетін баспана санын бірнеше есе көбейтуді Үкіметке тапсырамын. Жеңілдетілген жаңа ипотеканың енгізілуі және жалға берілетін тұрғын үйдің көптеп салынуы құрылыс қарқынын арттырады. Құрылыс саласында жүз мыңдаған отандасымыз адал еңбек етіп жүр. Ең бастысы, бұл бағдарлама баспанаға мұқтаж көптеген адамның үй алуына жол ашады", - деген еді Президент өз сөзінде. 

Мемлекет басшысының тапсырмасынан соң Үкімет пен "Отбасы банк" АҚ бірден жаңа бағдарлама әзірлеуге кірісті. Күні кеше оның толықтырылған талаптары жарияланды. Белгілі болғандай, "Наурыз" ипотекалық бағдарламасына жұмыс істейтін жастар мен жас отбасылар, тұрғын үй төлемдерін алушылар, әлеуметтік тұрғыдан әлжуаз топқа жататын азаматтар, "Отбасы банк" салымшылары мен қатардағы тұрғындар қатыса алады. Оларға моноқалалар, аудан орталықтары мен ауылдардан екінші нарықтағы, облыс орталықтарынан тек жаңа үйлерді төмен пайызбен алуға мүмкіндік қарастырылып отыр. Әлеуметтік осал топ өкілдері үшін жылдық пайыздық мөлшерлеме 7%-ды, басқа азаматтарға 9%-ды құрамақ.

Басты шарт – "Отбасы банк" депозитінде кемінде 1 млн теңге болуы тиіс. 

Мұндай тиімді талаптар көпшіліктің көңілінен шыққан сыңайлы. 

"Меніңше, жаңа бағдарламаның шарттары оңтайлы. Ауылдан да ипотекаға үй алуға болатынына қуаныштымын. Өткен ғасырдың ортасында салынған, әбден ескірген баспаналарды жаңартып алуға жағдай жасалды. Әйтпегенде, аудан орталығындағы 7-8 млн теңгелік үйлерді қолма-қол ақшаға алу мүмкін емес. Енді бағдарламаның басталуын күтеміз", - дейді Ақтоғай ауданының тұрғыны Малика Ізбасарова. 

Ал кейбіреулер, керісінше, бағдарламаның әлі де "шикі" тұстары барын бүгіп қалмады. 

"Меніңше, пайыздық мөлшерлеме барлығына бірдей болуы тиіс. Әлеуметтік осал топ өкілдеріне арналған "Бақытты отбасы", "Шаңырақ" сынды жеңілдетілген ипотекалар онсыз да бар. Тым құрығанда ауылдан үй алу кезінде оларды әлеуметтік жағдайына қарай бөлмесе жөн болар еді. Білуімше, бағдарлама қатысушыларының соңғы бес жылда мүлде мүлкі болмауы керек. Демек, осыдан 60 жыл бұрын салынған, жақында еріген қар суынан аздап іргетасы отырған үйімнің орнына жаңасын алатын мүмкіндік жоқ. Себебі ол менің атыма жазылған. Сондықтан талаптарды әлі де жеңілдетсе жақсы болар еді деп ойлаймын", - дейді Тереңкөл ауданының тұрғыны Азамат Жылқайдаров. 

Қалай болғанда да сең қозғалып, аудан мен ауылдан да баспананы ипотекаға алудың тетігі қарастырылды. Жетілдіретін тұстары да жоқ емес. Әзірше, кепілге қояр, яғни сатып алар үйге қатысты нақты талаптар жоқ. Егер оның салынған жылына байланысты шектеулер енгізілсе, біраз баспананың бағдарламаға ілікпей қалар түрі бар. Қалған жарты айда ол да белгілі болады деп сенеміз. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу