Ведомство араға 2 апта салып жауап қатты. Қаперге салайық, министрлік Түркияның Otokar компаниясы жасайтын "Cobra 2" брондалған машинасын сатып алмақшы. Ашық дереккөздерге сенсек, 45 данасы үшін 27 млрд теңге төлеуге дайын. Ал одан біршама арзанға түсетін "Алан 2" техникасынан бас тартқан. Соңғысын құрастыратын астаналық зауыт басшылығы бұл шешімге наразы. Сөздерінше, жауапты шенділер түрік компаниясының сойылын соғып, сатып алу ережелерін бұзған.
Отандық әскери техника өндірісін дамыту керек деп Тоқаев бір жыл бұрын тапсырма берген. Бірақ, Қорғаныс министрлігінің көзқарасы мүлде басқа сияқты. Елімізде "Алан-2" жасалып жатқанда, ведомство түріктің 45 "Кобра-2" машинасын сатып алмақшы. Неге деп сауал жолдадық. Заңмен белгіленген 7 күннің орнына жауапты 2 апта ішінде әрең алдық.
"Шартқа сәйкес 45 бірлік әртүрлі мақсаттағы "Кобра-2" брондалған машинасын сатып алу көзделген. Бұл ретте қорғаныс ведомствосы үшін үлгіні таңдау кезінде отандық және халықаралық сарапшылар мойындаған өнім сапасы басым болады. Бүгінгі таңда "Cobra II" брондалған машинасы өндіруші елде (яғни, Түркия Республикасында) әртүрлі климаттық жағдайда пайдаланып, НАТО стандартына сәйкес келетінін атап өту қажет", дейді ҚР Қорғаныс министрлігі.
Бұл лобби ме, әлде қажеттілік пе? Кобра-2-нің біреуі 567 млн теңге тұрса, "Алан-2"-нің бағасы әлдеқайда арзан бір данасы 322 млн. Алайда, бізге берген жауабында Қорғаныс министрлігі бастысы баға емес, сапа деп жазған. Сонда отандық техника оларға несімен ұнамай қалды?
"2022 жылғы қазанда Қазақстанның оңтүстігінде шөлді жерде оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау барысында "Алан-2" брондалған машинасында елеулі кемшіліктер анықталды. Одан басқа, "Қазақстан Парамаунт Инжиниринг" ЖШС-ның ақпаратына сәйкес зауыт "Алан-2" брондалған машинасына минаға қарсы қорғанысты тексеруді жүргізген жоқ. "Алан-2" брондалған машинасы пысықтауды қажет етеді, осы кезеңде әскерде пайдалану үшін қажетті сипаттамаға сәйкес келмейді", дейді ҚР Қорғаныс министрлігі
Тек "Қазақстан Парамаунт Инжиниринг" компаниясының өкілдері өз техникасын осал санамайды. Негізгі сипаттамалары түрік машиналарынан артық болмаса, еш кем түспейді,- дейді, яки "Арлан-2" біздің климатқа, территориялық ерекшеліктерге бейімделген, ал бағасы 60-70 пайызға төмен. Одан қалды, зауыт Астанада орналасқандықтан, сервистік қызмет көрсету де арзанға түспек. Бірақ, түрік техникасына ынтық жауаптылардың алған бетінен қайтқысы жоқ.
Ал әскери журналист Амангелді Құрметтің сөзінше, әңгіме қорғанысқа келгенде техниканы отандық және шетелдік,- деп бөлу дұрыс емес. Бастысы сапа. Өйткені, әңгіме елдің қорғанысы, сарбаздардың өмірі жайында болып тұр.
"Cobra 2" алатын болса, демек қорғаныс саласы мамандарының бір білгені бар. Қорғаныс министрлігі неге біздікін алмайды, өзгенікін алады деп айыптауға болмайды. Жалпы қорғаныс өнеркәсібі фирмалары өз өнімін өздерінің қорғаныс министрлігіне ғана емес, әлемге мойындатуы керек. Менің білуімше, "Қазақстан Парамаунт Инжиниринг" компаниясы өз өнімдерін әлемдік деңгейде мойындата алған жоқ. Енді келіп, не себепті Парамаунт инжиниринг бірден біздің қорғаныс министрілгіне шарт қоюы керек?", дейді Әскери журналист Амангелді Құрмет.
Кей сарапшылар бұл дау Қорғаныс министрлігіне ақпараттық шабуыл жасау арқылы оны отандық техниканы алуға мәжбүрлеу,- дейді. Енді бірі лауазымды тұлғалар түріктердің сойылын соғып жатыр ма,- деп қауіптенеді. Ашық ақпаратқа сенсек, қазірдің өзінде ведомство түрік компаниясымен келісім жасасып, 10 млрд теңгесін төлеп қойған. Алайда, министрлік бұл деректі растамады да, жоққа да шығармады. Белгілісі, "Кобра-2" машиналарын арнайы мақсаттағы бөлімшелерді қаруландыруға қабылдау туралы шешім қабылданып қойған.