Облыстың үш жылдық даму жоспары түзілді

2290

Құны 270 млрд теңге болатын 265 жоба іске асырылмақ.

Облыстың үш жылдық даму жоспары түзілді

Қызылорда облысының әкімдігі өңірдің 2021-2023 жылға арналған экономикалық даму жоспарын әзірледі. Онда құны 270 млрд теңге болатын 265 жоба іске аспақ. Индустрияландыру бағдарламасы аясындағы ірі өндірістерге ілеспе бизнес қызмет жұмыстары іске қосылып, әлеуметтің әлеуетін көтеретін жаңа жұмыс орындары ашылатын болады. Өндірісті өркендетудің нақты қадамы айқын, жоспары жүйелі. Дегенмен сұранысқа ие мамандар жоқтың қасы. Карантин кезінде кейбір ірі құрылыстың қарқыны бәсеңдеп қалуына да шетелдік жұмыс күшінің жетіспеушілігі себеп болған. Енді олқылықтың орнын толтыруды облыс әкімінің өзі қадағаламақ.  

– Ертен іске қосылатын шыны зауытында шетелден келген мамандар жұмыс істейді. Ал біз он жыл бұрын осы шыны зауыты салынатынын білдік қой. Неге маман дайындамаймыз? Өңірде оқытылатын мамандықтарға талдау жүргізе отырып, жүйелі жоспар құру қажет, – деді Гүлшара Әбдіқалықова. 

Бұл бір зауыттың айналасындағы мәселе емес. Көп салада кадр жайы өзекті. Әсіресе, дәрігер тапшы.

Індеттің екінші толқынына да тас түйін дайындық бар. Өңірде жаңадан инфекциялық аурухана салынып жатыр. Жалағаш ауданындағы орталық аурухана екі айдың айналасында іске қосылады. Медициналық құрылғылар мен дәрі-дәрмек қоры да жеткілікті. Дегенмен "облысымызға әлі де 120 дәрігер қажет" дейді әкім. 

"Керек болса, пәтер берейік. Жол картасын жасаңыздар. Оларды ынталандыру мақсатында ұсыныстар жасайық", – деді аймақ басшысы. 

Бүгінде аймақтағы суармалы судың жайын кешенді түрде шешу маңызды боп тұр. Егінді өңірдің экологиялық ерекшелігіне қарай әртараптандыруға қарқын қосуды сала мамандары алдағы уақытта нақты шешімдерін жариялайтын болады. 
Ал балық шаруашылығына келесі жылы 1 млрд теңге қаржы бөлу жоспарда тұр. Бұл қаржы 55 тауарлы балық шаруашылығын, тоғыз тоған және акваөсіру өндірістерін бастаудың қадамы болмақ. Аймақта тауарлы балық шаруашылығын дамыту маңызды. Саланы серпілту – басты мақсат. Ендігі үш жылдықта ескерілетін елеулі жоспарлар осы мәселелер аясында түзілуге тиіс. Өйткені балық питомнигінсіз шикізат жоқ, ал бұл өз кезегінде балық экспортқа елеулі әсер ететіні белгілі. 

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу