Оң рөлді автокөлік тіркеуге алынбайды – Серік Түсіпов

997

Уақытша тіркеуге алынған автокөліктің қолдану мерзіміне шектеу қойылмайды.

Оң рөлді автокөлік тіркеуге алынбайды – Серік Түсіпов

Маусым айының алғашқы 2 аптасында Ішкі істер министрлігі 2 мыңнан астам армениялық автокөлікті есепке алды. Автокөлікті басым бөлігі Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарында тіркелді.

"Тіркеу рәсімі азаматтарға қиындық туғызбайды және көп уақыт алмайды. Армениядан Қазақстанға 2020 жылдың 1 ақпанына дейін жеткізілген автокөліктер 1 қыркүйекке дейін уақытша есепке қойылады. Арменияның уәкілетті органдары арқылы Қазақстан азаматына рәсімделген автокөліктер ғана тіркеуге алынады. Автокөлік автокөлік иесінің атына ғана тіркеледі. Меншік иесі болмауына байланысты автокөлікті сенімхат немесе сақтандыру полисі арқылы басқарып жүрген азаматтар автокөлікті өз атына тіркей алмайды. Оларға сақтандыру полисі негізінде автокөлікті басқару құқығы ғана берілген", – деді ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов.

Оның сөзінше, Армениядан әкелінген автокөлікті уақытша тіркеуге қою үшін 11 946 теңге жұмсау қажет. Бұл ақшаның 695 теңгесі – тіркеу алымы, 3 473 теңгесі – техникалық төлқұжат үшін баж салығы, 7 778 теңгесі – мемлекеттік нөмір сатып алу ақысы.

"Армениялық автокөліктер тіркеуге мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында алынады. Автокөлік иесіне сары нөмір мен "Айрықша белгілер" бөліміне "басқа тұлғаға тіркеуге болмайды" деп жазылған техникалық төлқұжат беріледі. Автокөлікті тұрақты есепке қою не ел аумағынан шығару жөнінде шешім қабылданғанша шетелдік нөмірлер мен құжаттар сақталады. Көлік салығы иесінің тіркелген орны бойынша төленеді", – деді әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары.

Серік Түсіповтің түсіндіруінше, қай елден әкелінсе де, оң рөлді автокөліктер тіркеуге алынбайды. Бұған ел аумағында заң бойынша 2009 жылдан бері тыйым салынған.

"Уақытша тіркеуге алынған автокөліктің қолдану мерзіміне шектеу қойылмайды. Автокөлікті есептен шығарғысы келген азамат көлік салығын төлеп, Қазақстанның мемлекеттік нөмірі мен техникалық төлқұжатты тапсыруға тиіс. Бұдан кейін оған армениялық нөмірі мен төлқұжаты қайтарылады", – деді ол.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу