Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Шыңғыс Әрінов Мемлекет басшысының қауіпті өндірістерде жұмыс істейтін азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша тапсырмаларын іске асыруға арналған жұмыс кеңесінде сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Министр өз баяндамасында 2024 жылы Төтенше жағдайлар министрлігі өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында 1 мыңнан астам тексеру жүргізгенін, 27 мыңнан астам бұзушылық анықталғанын, 160 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын атап өтті.
Ал биыл бірінші жартыжылдықта 424 тексеру жүргізбек.
Соңғы үш жылда бақылаудағы обьектілердің саны 20%-ға өсті, ал инспекторлар саны өзгеріссіз қалды – бүкіл ел бойынша 381 құрайды.
2024 жылы жарақат алғандар санын 7 есеге және қаза тапқандар санын 6 есеге азайтуға мүмкіндік туды. Қауіпті өндірістік нысандарда барлығы 21 авария тіркелді, бұл өткен жылдың деңгейіне сәйкес келеді. Оқиғалардың ең көп саны мұнай-газ және тау-кен салаларына тиесілі.
"Өткен жылы өнеркәсіп қауіпсіздігінің 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілді. Оны іске асыру шеңберінде объектілерді цифрландыруды ескере отырып, барлық нормативтік-құқықтық актілерді қайта қарау, өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды күшейту, ғылымды дамыту және тиісті орталықтар құру, сондай-ақ мемлекеттік инспекторлардың кадрлық әлеуеті мен құқықтық мәртебесін арттыру жоспарлануда", – деді министр.
Қазіргі уақытта өнеркәсіптік қауіпсіздік бойынша жекелеген талаптар қайта қаралуда. Азаматтық қорғау жөніндегі заң жобасы шеңберінде авариялық-құтқару қызметтеріне қойылатын талаптар қатаңдатылуда, өндірістік бақылау жөніндегі талаптар күшейтілуде, сондай-ақ қауіпті өндірістік объектілер иелерінің жабдықтарды жаңарту және жаңғырту жөніндегі жаңа міндеттері көзделген. Бұдан басқа, өнеркәсіптік қауіпсіздік объектілерінің паспорттарын құруға, аварияларды есепке алуды және басқа да процестерді автоматтандыруға мүмкіндік беретін "Е-КПБ" ақпараттық жүйесін іске қосу жоспарлануда.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша аумақтық бөлімшелер мен ведомстволық бағынысты мекемелерді бірыңғай бөлімше Төтенше жағдайлар департаментіне орталықтандыру аяқталды. Бұл артық басқару буындары мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмай, төтенше жағдайлардан халықтың және ел аумағының қауіпсіздігін қорғау және қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік басқару мен бақылаудың нақты вертикалын құруға мүмкіндік берді.
"Жалпы Төтенше жағдайлар министрлігі жұмыс тиімділігін арттыруға және азаматтар үшін тәуекелдерді азайтуға бағытталған өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етуді жақсарту бойынша шаралар қабылдауда", – делінген хабарламада.