Өнімсіз қалған диқандардың шығынын кім өтейді?

475

Жамбыл облысында су тапшылығы мәселесі күннен күнге ушығып барады.

Өнімсіз қалған диқандардың шығынын кім өтейді? Фото: Ашық дереккөзден

Қазір өңірде шығынға батқан шаруалар саны артқан. Әсіресе, Қордай ауданында мыңдаған гектар алқап қурап қалды. Ал, келесі аптадан бастап Қырғызстан су беруді  мүлде тоқтатуы мүмкін. Өйткені, су қоймаларының табаны көріне бастаған. Ел үкіметі су тапшылығына қатысты қандай шара қабылдауда? Шырылдаған шаруалардың шығынын кім өтейді? 

Ағын судың азабын тартқан меркілік диқанның биыл 90 гектар егістігі қурап қалды. Маут Фазулов несиеге алған 20 млн теңге желге ұшып, қарызға белшемнен баттым дейді. Өйткені шаруа биыл бақшасын 6-ақ күн суарған. Ол жағдайдың алдын алмаған жауаптылармен соттасамын деп отыр.

Су тапшылығы өңірдегі алты ауданда өткір сезіліп тұр. Қордай ауданында 400-дей шаруаның 6 мың гектардан  астам егіс алқабы күйіп кеткен. Сондай-ақ, Таластағы 52 гектар өнім мен Байзақтағы 2 мың гектар қызылша қурап қалудың аз-ақ алдында тұр.

"Орташа есеппен қоймаға 45-60 куб су түсу керек иә? Ал бүгінгі күнге сәуір айынан бастап бүгінгі күнге дейін орташа есеппен санағанда 1-ақ куб су түсіп отырған. Жалпы, 250 су келіп түскен жоқ. Соңғы 50 жылда бұндай болмаған", - деді "ҚазСуШар" РМК Жамбыл облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Ерлан Өтегенов.

Ал, Қырғыз еліндегі Киров су қоймасындағы жағдай мәз емес. Себебі қоймадағы су қоры былтыр 144 млн болса биыл небары 28 млн текше метр. Яғни бұл көлем жылдағыдан 5 есе аз. Көрші елдің мамандары судың азаюына таудағы тұрақсыз температура себеп болды дейді. Сондай-ақ, суару маусымына дейін жасалуы тиіс келісімге қос тарап мамыр айында ғана қол қойған. 

"Қазақстан Республикасына жыл сайын вегетациялық кезең басталғанға дейін әзірленетін және Шу-Талас су комиссиясының тең төрағалары қол қоятын кестеге сәйкес су беріледі. Бірақ 2023 жылы бұл кесте маусым айында ғана келісіліп, көздердегі судың аздығына байланысты ағымдағы жағдайды ескере отырып бекітілді", - деді Қырғыз Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Ал, Қазақстан тарапы шілде айында Талас өзені бассейніндегі күрделі жағдайды баяндап, Киров су қоймасынан берілетін суды секундына 45 текше метрге дейін арттыруды сұраған. Алайда олар Қырғызстандағы Шу мен Талас облыстарында да дәл осындай қиын жағдай екенін айтқан. Экология және табиғи ресурстар министрі көрші елдің суару маусымына дейін жасаған болжамдары расталмады дейді.

"Қырғызгидромедтің наурыз-сәуір айында берген болжамы расталмаған. Негізінен олар нормаға сәйкес немесе нормадан жоғары болады деп болжаған. Өкінішке орай, бұл нормадан едәуір төмен болды. Осыған байланысты біз бірнеше ай бойы нақты графикті жасап, пысықтаған болатынбыз, Қазір Киров және Ортотоқайда су өте тапшы", - деді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова.    

Қазір өңірде шаруалардың шығыны есептеліп жатыр. Аймаққа барған Ауылшаруашылығы министрі Үкіметтен өңірде төтенше жағдай жариялауды сұрауда. Өйткені, келген шығын шаруаларға өте ауыр тиеді. 

"Біз мемлекет тарапынан қажетті көмекті көрсететін боламыз. Қажетті қаражат резервтен бөлінеді деп отырмыз. Мынау зардап шеккен алқаптардың фермерлер мен шуауалардың бәрлерінің шығындарын өтеуге мүмкіншілік болады деген сенімдеміз", - деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.

Мамандар көршіден келетін ағын су жылдан жылға азайып келе жатқанын айтады. Шарт бойынша қырғыздар жылына 520 млн текше метр су берсе, алдағы жылы бұл көлем 330 млн азаймақ. Сондықтан жауапты министрлік сұрауы бар суды үнемдеуден басқа амал жоқ дейді.  Айта кетейік биыл Жамбылдықтардың егіс көлемі 181 мың гектарға жеткен. Оның қанша бөлігі қурап қалғанын комиссия анықтамақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу