Мәлімделген 94 жобаның 45-і бағдарламаға қатысудан бас тартқан, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тұрғындардың қалдықтармен жұмыс істеу мәдениетін қалыптастырудағы маңызды элемент – тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету.
"Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде Министрлік, әкімдіктер ұсынған, утильтөлемдер есебінен қаржыландырылатын 232 млрд теңгеге 94 жобадан тұратын пулын әзірледі. Қазіргі кезде мәлімделген 94 жобаның 45-і бағдарламаға қатысудан бас тартты. Әкімдіктер жобаларды толыққанды пысықтап, қалыптастыру кезінде қатысуға мүмкіндігі жоқ жобаларды алып тастағанда бұндай жағдай болмайтын еді. Мысалы осындай бас тартқан жобалардың ең көп саны Түркістан және Жетісу облыстарында байқалады", – деді ведомство басшысы.
Нысанбаевтың сөзінше, өңірлердің әкімдіктері жобаларды сүйемелдеу бойынша жұмысты тиісті деңгейде жүргізбеді.
"Әрбір жобаны пысықтау барысында әкімдіктердің жанындағы құрылымдар қажетті деңгейде қолдаған жағдайда, құжаттарды тапсыру мерзімдерін және оларды келісу процесін айтарлықтай қысқартуға болар еді. Осыған байланысты әкімдіктерге жобаларды іске асырудың жолдарын қайта қарастыру қажет. Сондай-ақ, өткен жылдың наурыз айында қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеудің қуатын арттыру бойынша жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу мақсатында министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жобалардың қосымша пулын қалыптастыру жұмыстарын қатар жүргізіп отырды", – деді министр.
Айта кету керек, осыған дейін стихиялық қоқыс үйінділерін жоймаған 164 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылғанын жазған болатынбыз.