Онкологиялық ауруға шалдыққандарға дәрілер жетіспейді

1917

Шымкенттегі "Қалалық онкологиялық орталық" МКК  биылғы жылы онкологиялық кеселге душар болған науқастарға арнап 1 млрд 67 млн теңгеге 30 түрлі дәріге тапсырыс берген.

Онкологиялық ауруға шалдыққандарға дәрілер жетіспейді

Мамандардың айтуынша, тапсырыспен алынған дәрілерді негізінен онкологиялық аурулардың реестрінде тұрған науқастар пайдаланады және ол дәрілер тек сол онкологиялық орталықтың өзінде беріледі. Ал, тапсырысты орындаушы "СҚ-Фармация" ЖШС жыл басынан бері бөлінген 1 млрд теңгеден астам қаржының 553 млн 749 мың теңгесіне дәрілерді жеткізіп, 1135 науқас қамтамасыз етілген. Алайда басқармадағылардың хабарлауынша, дистрибьютер тарапынан 10 қазанға дейін 44 млн 89 мың теңгеге 10 түрлі дәрінің жеткізілуі кешіккен. Осының салдарынан қазан айының алғашқы аптасында дәрі жетіспеушілігі туындаған. Олар: "Летрозол", "Бикалутамид", "Алтындрис", "Капецитабин", "Аксастрол", "Герцептин", "Калоприемник", "Темо-Эл", "Зарсио", "Эпотэин" дәрілері.

"Дегенменен,  препараттардың ішінде бір-бірімен алмастырылатын дәрілер бар. Мысалы, таблетка түрінде ішетінін, тамыр ішіне  енгізу арқылы ерітіндімен қабылдайтын дәрілермен алмастырған. Гармональды препараттарды дәрінің басқа да түрлерімен алмастырған. 15 қазанға дейін "СҚ-Фармация" ЖШС тарапынан дәрілердің қазан айында жеткізілуге тиіс болған бөлігі  әкелінген.  Бірақ оның ішінде екі препараттың жеткізілуі кешігіп тұр. Оның  бірі – "Летрозол" дәрісі қараша айында келеді екен, екіншісі – "Эпоэтин" елімізге кірген сертификация рәсімдеуінен өтіп жатыр. 25 қазанға дейін жеткізіледі деп күтіліп отыр", – дейді Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Әбішев.

Жалпы шымшаһарда 100 мың адамның ішінде 100 адам осы қауіпті дертке шалдыққан. Мамандардың айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда онкологиялық дертке шалдыққандар саны өсіп келеді екен. Сонымен қатар биылғы жылдың 9 айында қалада 85 мыңнан астам адам скринингтеуден өтіп, 12 235 адамның онкологиялық  кеселге душар болу ықтималдығы жоғары екені анықталған. Соның ішінде 11 921-і диспансерлік есепке алынған. Бұл азаматтардың ішінде адам өміріне қаупі жоқ ісіктерде бар. Олардың қатерлі ісікке айналып кетпеуін дәрігерлер бақылайтын болады. Ал, шаһардағы қатерлі ісікке шалдыққандардың электрондық регисторында 6 750 науқас есепте тұр. Соның ішінде химия терапия мен ауруға қарсы дәрілерді пайдаланатын науқастардың саны 1290 екен.

Арай Есенбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу