Батыс Қазақстан облысының орталығымен бірге Ақсай қаласының көшелері де судың астында қалды. Аяқтарынан тік тұрған төтеншеліктер қызыл суды сорып алу әрі бұру жұмысын жүргізген. Осылайша, жыл сайынғы сценарий қайталанып жатыр. Билік "төтенше жағдайға дайынбыз" деп есеп бергенімен, тасқын кезінде екі аяқ бір резеңке етікке тығылады. Сенат қабырғасында өткен кездесуде мәселені шешу жолдары талқыланды.
Батыс Қазақстанға көктем келді. Күні кеше Орал мен Ақсай қалаларында ауа температурасы +2 градусқа жылып, қала ішіндегі қар қарқынды ери бастады. Жергілікті құтқарушылар мен коммуналдық қызмет көшелер мен аулалардан суды сорып алуға кірісті. 30 адам мен 25 бірлік техника жұмылдырылды. Көктемнің алғашқы күніндегі мұндай тосын сыйға қарамастан, жауаптылар жағдай тұрақты деп сендірді.
"Біздің өңірде су тасқыны жағдайы әлі де тұрақты. 172 мың текше метрден астам қар шығарылды. Қазір су тасқыны қауіпті өзендерде қамыс шабу, тесіктерді бұрғылау және мұз кесу жұмыстары жүргізілуде", деді БҚО ТЖД ТЖ алдын алу басқармасының бастығы Нұралы Мүсиев.
Су тасқыны мәселесін қалай шешуге болады?
Қазақстан биылғы су тасқынына да дайын емес. Ел бойынша 255 елді мекен көктемде су астында қалуы мүмкін. Ал бұл 130 мыңға жуық үй және жеті жүз мыңнан астам адамға қауіп төніп тұр деген сөз. Қазірдің өзінде қызыл су әбігерге салып жатыр. Бүгінге дейін 317 аула, 1 үй және 24 жол учаскесін су басқан.
"Атқарушы билік төтенше жағдайларға дайындық туралы жыл сайын есеп береді, алайда су тасқыны кезінде күш-қуат пен құрал-жабдық ұдайы жетіспей қалады. Кейіннен соның зардаптарын жоюға әжептәуір бюджет қаржысы жұмсалады", деді Сенаттағы Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Асқар Шәкіров.
Жағдай парадоксалды. Жазда егістікті суару үшін су жетіспейді, ал көктемде елдің мекендерді су басады.Бәлкім, тасқынға ертерек дайындалмаған, алдын алу шараларына уақытылы қаражат бөлмеген шенділерді жауапқа тартатын жаңа заң керек шығар?
Сарыбаевтың сөзінше, тасқынды ауыздықтау үшін қосымша бөгеттер мен контрреттегіштер салу қажет. Ал жеке меншіктегі су қоймаларын мемлекетке қайтару шарт. Алайда, бұл ұзақ уақытты талап етеді. Сондықтан, биыл да су тасқыны әбігерге салмаса екен, үйлерге кірмесе екен, зардабы орасан болмаса екен деп тілеуден басқа амал жоқ сияқты. Ал ертең ел бойынша дәстүрлі "Көктем" оқу-жаттығу жиындары өтеді. Тек ол апаттың алдын алуға емес, салдарын жоюға бағытталған.