Бұл шешім Түркістандағы Орталық Азия елдері білім министрлерінің қатысуымен өткен форум қорытындысында қабылданды, деп хабарлайды inbusiness.kz білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Басқосуда ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Орталық Азия кеңістігін құру бастамасын көтерді. Ұсыныс қолдау тапты.
Форум қорытындысында Түркістан декларациясы қабылданды.
"Осы құжатқа сәйкес Орталық Азия мемлекеттері өңірлік ынтымақтастықты кеңейтіп, бүкіл Орталық Азия жоғары оқу орындарының ғылыми, зияткерлік және шығармашылық әлеуетін біріктіретін болды. Сондай-ақ тараптар білім алушылармен алмасу үшін білім беру бағдарламаларының, бірлескен ғылыми жобалардың санын ұлғайтуға және ОА елдерінің көшбасшы студенттері арасында өзара байланыс орнатуға, тәжірибе алмасу және жұмыс бағыттарын талқылау үшін ОА елдерінің жоғары оқу орындары ректорларының форумдарын өткізуге келісті", – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Орталық Азия кеңістігіне қатысушы елдердің ынтымақтастығы Болон процесі қағидаты бойынша ұйымдастырылады. Жоғары білім саласындағы Орталық Азия кеңістігі жанынан ОА елдері білім министрліктері арасындағы жұмысты үйлестіру, Орталық Азиядағы жоғары білімнің тартымдылығын арттыру және ОА мемлекеттері арасындағы бәсекеге қабілеттілікті күшейту үшін хатшылық құрылады.
Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов: "Жоғары білім берудің бірыңғай Орталық Азия кеңістігін құру бүгінгі таңда объективті қажеттілік болып отыр. Жыл сайын танылатын білім туралы құжаттардың жалпы санының 70%-ға жуығы Орталық Азия жоғары оқу орындарының құжаты. Бүгінде Орталық Азия елдерінің азаматы болып табылатын 20 мыңға жуық студент қазақстандық жоғары оқу орындарында білім алып жатыр және бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді. Осыған байланысты, жоғары білімнің бірыңғай кеңістігі шеңберінде бүгінгі таңда жоғары білімнің Еуропалық кеңістігі елдеріндегі сияқты біліктілікті танудың жеңілдетілген немесе автоматты рәсімі мәселесін қарастыруға болады", – деді.
Қанат Махамбет