Орталық сайлау комиссиясы 6 штабтың өкіліне ескерту жасады

645

Үгіт-насихат кезінде ереже бұзған үміткерлердің кандидатурасы алынып тасталады.

Орталық сайлау комиссиясы 6 штабтың өкіліне ескерту жасады Фото: inbusiness.kz

Орталық сайлау комиссиясы 6 штабтың өкіліне бүгін үміткерлер ереже бұзған жағдайда кандидатурасы алынып тасталатыны жайлы ескертті. Кандидаттар барлық қаржы операцияларын ашық өткізуі керек. Әр штаб жұмсалған ақшаның есебін өткізуге міндетті.

Президенттікке үміткер 6 кандидаттың өкілдері семинарда бас қосты. Келе сала бәрі қағаз-қаламын алып, үгіт-насихат кезіндегі ережелерді жазуға кірісті. Орталық сайлау комиссиясы қатал мұғалімдей бәрін тәптіштеп түсіндірді. Өйткені ақшамен ойнауға болмайды. Әсіресе мемлекеттің қаржысымен.

"Барлық кандидатқа бірдей қаржы бөлінді. Одан бөлек сайлау қорына жиналатын ақша тағы бар. Кандидаттар қаржының қалай жұмсалатынына тікелей жауапты. Біз 10 күнде 1 оның есебін БАҚ-та жариялап тұрамыз. Онда жолға кеткен ақшадан бастап үгіт-насихатқа байланысты жиындарға бөлінген қаржының бәрі жазылады. Сондықтан кандидаттар не олардың өкілдері бизнес класспен ұшарда ойланғаны дұрыс" - деді Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сабила Мұстафина.

Үгіт-насихат кезінде сайлаушыларға тауарларды, қызметтерді, бағалы қағаздарды тегін не жеңілдікпен таратуға тыйым салынады. Дауыс берушілерге ақша төлеуге, лотерея ойнатып, қайырымдылық акцияларын өткізуге де болмайды. Бұл ережелер бұзылған жағдайда кандидаттар куәлігінен айрылып қалуы ықтимал. Ал кандидаттардың БАҚ-тағы жарияланымдарына қатысты талаптар заңда тайға таңба басқандай жазылған. Бірақ әлеуметтік желілер мен миллиондаған оқырманы бар блогерлерге қатысты ешқандай талап жоқ екен.

Жалпы кезектен тыс президент сайлауын өткізуге 20,5 млрд теңге жұмсалмақ. Қаржының басым бөлігі сайлау комиссиялары мүшелерінің жалақысын төлеуге кетеді. Ал әр кандидатқа мемлекеттік бюджеттен 10 миллион теңгеден бөлінді.

Маржан Жұмабай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу