Қарағанды облысында ауа райының бұзылуына байланысты (қар, жел, нашар көру жағдайы) Екатеринбор – Алматы тасжолында, Теміртау қаласы аумағынан Ақмола облысы шекарасына дейін және Қарағанды қаласы аумағынан Балқаш қаласына дейін автокөліктердің барлық түрлерінің қозғалысына шектеу қойылды, деп хабарлайды 24 Хабар.
Осакаров ауданында жол қозғалысына шектеу қойылуына қарамастан, Алматы-Екатеринбор тасжолының 1141 шақырымында 150 автокөлік қар кептелісінде қалып қойған. 12 желтоқсанда 23:00-ден 13 желтоқсанның 02:30 аралығында Қарағанды облысының ТЖД авариялық-құтқару қызметінің күштері, жергілікті атқарушы органдары, жол полициясы және жол тазарту мекемелері бірлескен әрекеттерінің арқасында қар құрсауында қалған автокөліктерден 55 адам эвакуацияланды, оның екеуі – бала. Барлық көшірілгендер Осакаровка кентінің аудандық мәдени-сауық орталығына орналастырылды, зардап шеккендер жоқ.