Ән тыңдаймын, селфи жасаймын деп қаза болғандар да бар

341

Үстіміздегі жылдың он айында теміржол инфрақұрылымы объектілерінде 68 адам пойыздың астына түсіп, оның ішінде 37 жағдай адам өлімімен аяқталған.  

Ән тыңдаймын, селфи жасаймын деп қаза болғандар да бар Фото: Громадське радіо

Ал 31 жағдайда зардап шеккендер әртүрлі дәрежедегі жарақаттармен ауруханаға жатқызылған деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Осы ретте, теміржол саласының қызметкерлері көп жағдайда адамдардың пойыздың астына түсуі халық тығыз қоныстанған жерлерде және қала маңындағы аймақтарда болатынын айтып отыр.

Адамдар салған әлек

"Темір жол – тек көлік жүйесі ғана емес, сонымен қатар қауіптілігі жоғары аймақ. Жолға жақындай берген сәттен бастап ерекше сақтық керек. Бірақ осыны біле тұра көп адамның сақтық шараларын елемейтінін қайтерсің? Бұл адамның өз өмірін, денсаулығын қатерге тігуі ғой. Біз теміржолшылар адамдарға жолдан өту ережелерін әрдайым ескертіп, тіпті кездесулер, рейдтер өткізіп келеміз", – дейді сала мамандары.

Жыл басынан бері 130 мыңға жуық адамды қамтыған 11 мыңнан астам жиналыс өтіп, құқық қорғау органдарымен 3 мыңнан астам рейд ұйымдастырылған. Тіпті бұл өзекті мәселені бірлесіп шешу үшін көлік прокуратурасы өкілдерін шақырған көптеген үйлестіру кеңесінің отырыстары да өтіпті.

Теміржолшылар сөзін көліктегі полиция департаментінің өкілдері де қостап отыр. Полиция полковнигі Мадияр Айтуғанов, көңілге қаяу түсіретін қайғылы оқиғалар, адамдардың жаяу жүргіншілерге арналған белгіленген жерлерден емес теміржол рельстерін тіке кесіп өтіп, жол ережелерін өрескел бұзуларынан болатынын айтады.

"Жыл басынан бері көлік полицейлері жолаушылар пойыздарында 3780 кездесу өткізді, оқу орындарында екі мыңнан астам "Теміржол қауіпті аймақ" тақырыбында лекциялар оқыды, халықпен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Рейдтер барысында 39 мыңнан астам азамат теміржолды белгіленген жерден өтпей, кесіп өткені үшін жазаланды.  Соған қарамастан адамдардың теміржолдан өту ережесін бұзуы азаяр емес", – дейді құқыққорғау органының өкілі.

Теміржолды кейбір адамдар суицидке қолайлы аймақ көретін сыңайлы. Жол монтері бірде жаяу жүргіншілер көпірінен бір адамның өзін лақтырғанын көрсе, кейбір оқиғаларда адамдар келіп қалған пойыздың алдынан атып шығып, пойыз астына өздігінен түсіп жатады екен.  Арақ ішкен маскүнемдердің де пойызға басылып қалып жататыны бар. Ал мына бір келесі оқиғада марқұмның әрекетін қалай деп бағаларыңды білмейсің.

Осы жылдың 8 қарашасында таңғы сағат 8.45-те Макинка станциясында машинист жолда бөгде адамды көріп қалып, шұғыл тежегішті басқан. Машинист қаншама рет бақыртып дыбыстық дабыл берсе де, құлаққап киіп, басын капюшонмен жауып алған ер адам локомотив даусын естімеген. Осылайша, пойыздың астына түскен. 

Темір жолда жасөспірімдердің әлеуметтік желілерге ерекше фото, Тик-Токқа ерекше видео жасаймыз деп вагон үстіне шығып, жоғары вольтты токқа түсіп, ажал құшқан оқиғалар қаншама дерсің... Әсіресе, үш жыл бұрын мектеп жасындағы бірнеше жасөспірімнің бірінен соң бірінің қаза болғаны бар. Бір оқиғада жас бала тоқтап тұрған электровоз төбесіне шығып, ал келесі бір оқиғада жасөспірімнің астық тасушы-вагон үстіне шығып, токқа соғылып өлген.

Теміржолға жақын қоныстанған тұрғындардың балаларын қараусыз қалдыруы, балалардың теміржол бойында алаңсыз ойнауы да осындай қайғылы жағдайларға әкеліп жатады. Әрине, мұндай жан түршігерлік оқиғалар орын алмас үшін әрбір адам қарапайым жол қауіпсіздігі ережелерін сақтап, тәртіпке бағынса екен дейді теміржолшылар. Шынында, темір жол жаяу жүргіншілер беталды жүре беретін жол емес, серуендейтін орын емес, балалардың көңілін көтеруге арналған ойын алаңы емес. 

Қараусыз мал иелеріне айыппұл көбейсе... 

Теміржолшылардың бас ауруына айналған келесі бір мәселе, қараусыз жайылған мал. Көп жағдайда, осы малдың бейқам жол бойында сайран салып, жайылып жүруі пойыздарды шұғыл тоқтатуға әкелетін жайттардың бірі.

Мәселен, малдың жолда жүруіне байланысты локомотив бригадалары жыл басынан бері 3 мыңнан астам шұғыл тежегіш қолданған. Еріксіз тоқтауға мәжбүрлеген ең көп оқиға Атырау, Қарағанды, Маңғыстау  өңірлерінде болыпты. Осы үш мың оқиғаның 931-інде ғана малдың басылып қалуының алды алынған. Ал қалған екі мыңның үстіндегі оқиғаны өзіңіз пайымдай беріңіз.

"Жол монтерлері жолдың жиегінде жүрген малдың иесін тауып, хабарласқанның өзінде малын айдап әкетуге асықпайтынын қайтерсің.  Тіпті, құқыққорғау органдары және әкімшілік өкілдерімен бірлесе атқарып жатқан жұмыстарымыз да нәтиже бермей отыр. Жолшылар темір жолдан малды айдап шығамыз деп, негізгі жұмыстарынан ауытқуға мәжбүр. Әрі-беріден соң теміржолшылар малшы емес қой, өз жұмыстары да жеткілікті", – деп қынжылысын білдірді теміржолдағы қозғалыс қауіпсіздігіне жауапты мамандардың бірі Мұрат Мусин.

Теміржолшылардың малдың пойызға соқтығысуына, басылуына қатысты  дабыл қағатын жөні бар. Бір жылы 30 астам жылқының бір мезетте келе жатқан пойыз алдына шығып, басылып қалған оқиғасы орын алды. Ірі қара малдың пойызға соқтығысуы мал иесіне ғана емес, темір жол үшін де қып-қызыл шығын.

Кей жағдайда жылдамдықпен келе жатқан локомотив малға соғылғанда темір жол рельсіне, электр баған-тіректеріне, тағы басқа теміржол құрылғыларына, керек десеңіз локомотивке де зиян келіп, істен шығып жатады. Ал егер жолаушылар пойыздары болса ше? Тіпті, ойлағың да келмейді. Өйткені, вагонның немесе локомотивтің кез келген уақытта жолдан шығып кету қаупі бар.

Осы арада, қазіргі қолданыстағы заңда темір жол қауіпсіздігіне қасақана қауіп төндірген мал иелеріне 18 460 теңге айыппұл қарастырылғанын атап өтпекпіз. Оны дер кезінде төлесе, айыппұл көлемі 50 пайызға азаяды екен. Жеке қожалық иелері бұл айыппұлды төлеп тастап, ары қарай малын тағы қараусыз қалдыруды әдетке айналдырған.

"Сондықтан біздің ұсынысымыз, бұл айыппұлды ұлғайту немесе жағдай қайталанса, айыппұл мөлшерін бірнеше есеге арттыру қажет. Мүмкін сол кезде мал иелері жауапкершілікті сезінер. Себебі қазіргі таңда мал ұстайтын шаруа қожалықтары көбейген, темір жолды малдан толықтай қорғау мүмкін болмай отыр", – дейді қозғалыс қауіпсіздігіне жауапты маман.

Көлік жүргізушілерінен келетін қауіп те көп

Автокөлік иелерінің бейқамдығы, жүгенсіздігі, тәртіпсіздігі теміржолшыларды алаңдатқан ең өзекті мәселелердің "көкесі"  деуге болады. Сөзіміз сүйекті болу үшін келесі фактілерге жүгінейік. Жыл басынан бері теміржол өткелдерінде жүргізушілердің Жол қозғалысы ережесін өрескел бұзуы салдарынан 23 жол-көлік  оқиғасы болып, салдарынан 12 адам жарақаттанып, 3-еуі өлім құшқан. Ал жекеменшік кірме жолдарында 19 жол-көлік оқиғасы болып, нәтижесінде 5 адам қайтыс болып, 12 адам жарақаттанған.

Әрине, бұл бағытта да теміржолшылар желілік полиция өкілдерімен рейдтерге шығып, бұзушылықтарды анықтап, тіпті, автокәсіпорындарда 19 мыңнан астам адамды қамтыған бірнеше жүздеген  жиналыс та өткізіпті. Бірақ, жағдай баяғы жартас – бір жартас күйінде қалып отырған сыңайлы. 

"Статистика бойынша жыл сайын теміржол өткелдерінде орта есеппен 20-дан астам жазатайым оқиға болады. Қайғылы жағдайдың себебі – автокөлік жүргізушілерінің тәртіпсіздігі мен олардың өздеріне және айналасындағыларға немқұрайлы қарауы, жауапсыздық танытуы", – дейді Мұрат Мусин.

Расында көлік жүргізушілерінің жол қозғалысы ережесіне бағынбауынан теміржолға материалдық шығынмен қатар адам шығынын әкелген оқиғалар да аз емес. Анау бір жылы аса ауыр қайғылы жайт, Маңғыстауда болған еді.

Жүк пойызының алдын кесіп өтпекші болған жанар май тасымалдайтын жүккөлігі пойызға соқтығысып, жарылыс болып, соның салдарынан 24 жастағы машинист көмекшісі қаза болды. Ал ауыр жарақат алған машинист үсті-басы жанып жатқанына қарамастан орнынан тұрып, бірінші секцияның түгі қалмай жаншылып, отқа оранғанын көріп, жанкештікпен екінші секцияға көтеріліп, рацияға жетіп, соңынан келе жатқан тепловоз машинисіне, одан соң станция кезекшісіне, пойыз диспетчеріне рациямен төтенше жағдайда  хабарлап үлгерген болатын. Осылайша, апаттың апатқа жалғасуына жол бермей, ерлік жасағаны теміржолшылар есінде.

"Көлік жүргізушілері елді шулатқан қайғылы оқиғалардың жиі болып жататынын естіп, көріп жатса да, өзгенің қателігінен сабақ алып, ой түйер емес. Тіпті, жабық тұрған шлагбаумды айналып өтіп, өздерін айтпағанда, қасындағы адамдардың басын қауіпке тігетінін қайтерсің. Локомотив машинисі қанша жерден шұғыл тежегішті қолданса да, бұл ауыр техника бірден тоқтай алмайтынын, пойыздың салмағына, жүрісіне байланысты бірнеше метр жүріп барып тоқтайтынын ескеру керек", – дейді қозғалыс қауіпсіздігіне жауапты мамандар.

Ал локомотивтің мал-жанды басып, автокөлікпен соқтығысуы машинистерге  қаншалықты ауыр тиетінін теміржолда көп жылдан бері локомотив бригадаларымен жұмыс істеп келе жатқан  психолог Аниша Шайыққызы айтып берді.

"Қайғылы оқиғалардан кейін локомотив бригадалары күйзеліске түсіп жатады. Біз машинистпен және машинист көмекшісімен жеке-жеке әңгімелесеміз. Әңгімелесу барысында оқиға түрлерін ескереміз. Оларды мұқият тыңдаймыз, бәлкім, олар өздерін кінәлі сезінетін шығар, оқыс оқиғалар орын алғанда локомотив бригадалары не істеді, дер кезінде әрекет ете білді ме, әлдебір нәрсеге алаңдады ма, денсаулығы сыр берді ме, яғни барлық жағдайды, тіпті кішігірім деталды назардан таса қалдырмауға тырысамыз, күйзеліске түсу деңгейін анықтаймыз. Әңгімелесуден кейін олар арнайы тестілеуден өтеді, солардың нәтижесі бойынша күйзелістен шығып, қалпына келу үшін қысқа мерзімді демалыс береміз,  кейде басқа жұмысқа ауысып жататындар да бар. Жалпы қандай да бір теміржол бойында орын алған оқиға локомотив бригадаларына оңай соқпайтынын айтар едім, – деп түйіндейді сөзін маман.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу