Шығыс Қазақстан облысының полиция қызметкерлері соңғы үш айда қылмыстық айналымнан алынған 50-ден астам суық қару мен 2000-нан астам оқ-дәріні жойды.
Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қару-жарақты жою кезінде комиссияның қатысуы және бейнежазбаға түсіру міндеттеледі. Әдетте полиция қару-жарақты қолдануға жарамсыз ету үшін алдымен ұңғыларын кеседі. Содан кейін қару пломбаланған жәшіктерге салынып, болат пеші бар кәсіпорынға күзетпен жеткізіледі. Тәркіленген заттар жергілікті зауыттың шойын балқыту пештеріне жөнелтіліп, металға айналады.
"61 қылмыстық іс бойынша заттай дәлел ретінде алынған қару-жарақ, оқ-дәрі және жарылғыш заттар жойылды. Әртүрлі маркалар мен модельдерден тұратын барлығы 52 қару, 2000 данадан астам оқ-дәрі, 2 макет қол гранатасы және "Аммонал" типті жарылғыш зат жойылды", – деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мәдиев.
Қару-жарақты заңсыз сақтағаны үшін жүктелетін жауапкершіліктен азаматтар оны ерікті түрде тапсыру арқылы ғана құтыла алатынын полиция қызметкерлері ескертеді. Ал заңсыз сақталған қаруды өз еркімен тапсыру акциясы жыл сайын өткізіліп тұрады. 2020 жылы шығысқазақстандықтар полицияға шамамен 10 миллион теңгеге бағаланатын 170-тен астам қару-жарақ пен 503 дана оқ-дәрі тапсырған.