Отандық фермерлер шикі сүт тапшы деп дабыл қақты

571

Қарағанды облысының кәсіпкерлер палатасында АӨК комитетінің кезекті отырысында шикі сүттің тапшылығы мәселесі көтерілді.

Отандық фермерлер шикі сүт тапшы деп дабыл қақты Фото: atameken.kz

Өндірістің барлық көрсеткішінің өсуіне қарамастан, сүт өнімдерін өндірушілер таза сүттің үлкен тапшылығы барын атап өтті. Кәсіпкерлердің  айтуынша, бұл жағдай өндірістерді құрғақ сүт және Ресейден шикізат алдыртуға тәуелді етеді, деп жазады inbusiness.kz "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлік палатасына сілтеме жасап.

"Аймақта жағдай реттелмесе, сүт өндірушілер өндіріс көлемін төмендетуге мәжбүр болады. Тіпті кейбір компания жұмысты тоқтатып, жабылып қалуы да ықтимал. Сүттің тапшылығы біздің өңірде ғана емес бүкіл Қазақстан бойынша байқалып жатыр", - деді "Қазақстан фермерлері одағы" РҚБ төрағасы Игорь Жабяк.

"NBK-A" ЖШС директоры Сәуле Жанкинаның айтуынша, кейінгі бес жылда шаруа қожалықтардан келетін сүт көлемі төмендеп келеді.

"Бүгінде зауытымыздағы жүктеме 70 пайыздан аспайды. Дегенмен біз сүтті көбірек қабылдай аламыз. Қазір мүмкін болатын 80 тонна орнына 42-45 тонна қабылдайды", - деп атап өтті Сәуле Жанкина.

Кәсіпкерлердің сөзінше, шикі сүттің жеткіліксіздігін техникалық регламент бойынша пайдалануға рұқсат етілген құрғақ сүтпен алмастыруға тура келеді.. Ал құрғақ сүт шетелден әкелінеді. Бұл отандық кәсіпкерлер көрші ел белгілеген бағаларға тәуелді болады дегенді білдіреді.

"Қазір жағдай тұрақты, өйткені Ресейде сүт көп, сондықтан баға төмендеп кетті. Алайда бұл қысқа мерзімде ғана болатын көрсеткіш. Өйткені ұзақ мерізмді перспективада қарасақ, біз отандық өндіріске дамуға мүмкіндік бермейміз. Сүт көлемі өсіп жатқан жоқ. Ертең Ресей Үндістан, Алжир, Африка елдері секілді тиімді келісімшарттарды табатын болса, жағдай күрт өзгеруі мүмкін. Біз құрғақ сүтке тәуелді болдық, тәуелді болып қаламыз. Бұған қоса Ресей шикі сүтті молынан ұсынып отыр. Олар шикізатты солтүстік өңірлерге жеткізіп жатыр. Ал біздің фермерлер сүт бағасы бойынша көрші елмен бәсекелесуге дайын емес", - деді "NBK-A" ЖШС директоры Сәуле Жанкина.

Мәселені шешудің бір жолы ретінде сүтті қабылдау пунктеріне өткізу айтылды. Облыста осындай 9 пункт бар. Жыл сайын қолдан 30 мың тонна сүт қабылданады. Тағы 3 сүт қабылдау пунктін ашу жоспарланып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу