Отандық таксистер қауымдастығы жеке тұлғаларды тасымалдаушылар деп тануға қарсы

719

Отандық таксистер қауымдыстығы мен кәсіпкерлер палатасы жеке тұлғаларды ресми тасымалдаушы ретінде тіркеуге қарсы шықты. 

Отандық таксистер қауымдастығы жеке тұлғаларды тасымалдаушылар деп тануға қарсы Фото: Мінбер

Бұл бастаманы өткен аптада еңбек министрлігі көтеріп, заң жобасын Сенатқа ұсынған еді. Алайда сала мамандары жаңашылдықтың кесірінен көлеңкелі нарықтың үлесі ұлғаяды деп қорқады. Одан қалды қауіпсіздік кенже қалып, сервистің сапасы төмендейді деп алаңдап отыр.

Заң бойынша кез келген азамат такси жүргізушісі болуы үшін таксопарк немесе жеке кәсіпкермен келісімшарт жасауы керек. Алайда, нарықта "Яндекс", "Индрайвер" сияқты сервистер пайда болғалы бұл заң жайына қалып, сала көлеңкеге кетті. Қазір екінің бірі таксист, ал сайып келгенде олардың жолаушы тасымалдауға құқығы жоқ. Еңбек министрлігі мәселені шешу үшін таксимен нан тауып жүрген жеке тұлғаларды ресми тасымалдаушы ретінде тіркеу қажет дейді. Осылайша, олар сервистермен тікелей келісімге отырып, толыққанды жұмысшы атана алады. Алайда, салалық қауымдастық өкілдерін бұл бастама қатты алаңдатып отыр. Медет Құрмановтың сөзінше, ресми тіркелген таксистерге қойылатын талаптар көп, ал олардың сақталуы екіталай.

"Заңды тасымалдаушылар кім? Олар жеке кәсіпкер болуы керек немесе заңды тұлға болуы керек. Егов арқылы хабарлама жіберуі керек. Жолаушыларды сақтандыруы керек, көлігін безендіруі керек. Осындай талаптары көп.  Мемлекет бұл салада жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларды реттей алмай жүр. Жеке тұлғалар тіркелсе, қалай болады?", дейді Республикалық такси қызметтері қауымдастығының төрағасы Медет Құрманов. 

Жеке тұлғаларды ресми тасымалдаушы ретінде тіркесек, олар заңды түрде жұмыс істейді, еңбек заңнамасы сақталады және салық төлеу қамтамасыз етіледі. Есесіне, қауіпсіздік пен сапа мәселесі кенже қалайын деп тұр. 

Бақылаудың жоқтығынан бүгінде такси қызметінің бағасы оның сапасына сай келмейді дейді сарапшылар. Оны өзіміз де күнделікті байқап жүрміз: көліктердің көбі ескі, техникалық жағдайы тексерілмейді - бұл бір, екіншіден шетелдік нөмір таққан, рөлі оң жақта орналасқан машиналар да жолаушыларды тасымалдайды. 

"Заң бойынша шетелдік есепте тұрған көліктер жолаушы тасымалдай алмайды. Бұл каботаж деп аталады және оған заңмен тыйым салынған. Маңызды мәселе  көлік құралдарының техникалық жағдайы және оларды сәйкестендіру. Өйткені қосымша арқылы тапсырыс беру кезінде басқа нөмірі басқа, маркасы басқа машиналар келетін жағдайлар көп. Бұл халықтың жеке қауіпсіздігіне тікелей қатысты болғандықтан алаңдаушылық тудыруы керек", дейді "Атамекен" ҰКП Басқарушы директоры Мұрат Әмрин. 

 

Тағы бір мәселе бар. Ол көбіне көп Елорда мен Алматыға қатысты. Ресми тасымалдаушы ретінде тіркелген такси жүргізушілері автобус жолағымен емін-еркін жүре алады. Ал егер Яндекстің кез келген таксистіне осындай құқық берілсе, жолдағы тәртіп бұзылады. 

"Өзін-өзі реттеу деген заң бар. Мемлекет өз функцияларын бизнеске бере алады.  Сөйту керек. Сондықтан, Атамекен кәсіпкерлер палатасы мен салалық қауымдастық бастамаға қарсы. Қолданыстағы заңнаманы күшінде қалдырып, оны жетілдіру керек деп санайды. Яғни, жаңашылдықты енгізбес бұрын пилоттық жоба әзірлеп, терең талдау жүргізу қажет. Айта кетейін, жеке тұлғаларды ресми тасымалдаушы ретінде тіркеуге қатысты заң жобасы қазір парламентте жатыр", дейді Республикалық такси қызметтері қауымдастығының төрағасы Медет Құрманов. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу