Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі "Отбасы банктің" лицензиясына банк операциясының қосымша түрі енгізілгенін хабарлады. Жаңа операция ипотека мен емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдерін алғысы келгендерге шот ашып, жүргізу көзделген.
"Қазір Агенттік Үкіметпен бірлесіп "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясаты және міндетті тұрғын үй жинақтаушы жүйесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын әзірлеуде. Заң жобасы алдағы жарты жылда қабылданады деп отырмыз" - дейді агенттіктің екінші топтағы банктерді қадағалау басқармасының бастығы Дәурен Нисинбаев.
Оның айтуынша, заң жобасы қабылданғаннан кейін қаржы институты баспанаға мұқтаж барлық азаматтар үшін "бір терезе" қағидаты бойынша жұмыс істемек. "Бір терезе" қағидатын енгізгеннен кейін азаматтар баспанаға мұқтаждығын растау, кезекке тұру, несие ресімдеу сияқты талаптардан құтылатын көрінеді.
"Отбасы банк" тұрғын үйді есепке алуға қою мен бөлуді орталықтандырылған түрде жүзеге асыратын жан-жақты даму және қолдау институты болады. Банк тұрғын үй құрылыс жинақтарына салымдарды (депозиттерді) қабылдай береді. Салымшылардың шоттарын ашып, жүргізеді, тұрғын үй жағдайларын жақсартуға қарыздар береді. Баспана кезегінде тұрған адамдарды есепке алудың бірыңғай ұлттық ақпараттық жүйесінің қызметтері де осы банкке беріледі. Сондай-ақ, "Баспанамен қамтамасыз ету орталығы" базасын құрып, есепке алынғандарға қызмет көрсетеді. Сонымен бірге қаржы институты тұрғын үй сертификаттарын беру процестерін басқаратын болады. Осылайша, "Отбасы банк" АҚ кезекте тұрғандардың тізімін жүргізу, баспананы бөлу, кезекте тұрғандардың кезектілік өлшемшарттарына сәйкес келуін тексереді", - дейді Дәурен Нисинбаев.
Бүгінде"Отбасы банкте" 1,7 млн салымшы бар. Бұл экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың шамамен 17%-ы деген сөз. 2020 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша салымшылардың тұрғын үй жинақтарының көлемі 951 млрд теңге, кредиттік портфель көлемі 1 298 млрд теңге болған.
Есжан Ботақара