Өткен жылы 7,7 млн-нан астам қазақстандық шетелде демалды

593

Қазақстандықтар шешімін таппаған ішкі мәселелерге байланысты шетелде демалуға ақша жұмсағанды жөн санайды. 

Өткен жылы 7,7 млн-нан астам қазақстандық шетелде демалды Фото: newsroom.kz

Былтыр туристер ретінде шетелге шыққан қазақстандықтардың саны 2 есеге өсті. Басқа елдерде 7,7 млн-нан астам отандасымыз демалды. Бұл ретте ішкі туризм өсімі бір жылда тек 24,6%-ды құрады. Ішкі туристер саны 8,6 миллионнан астам адамға жетті, деп жазады inbusiness.kz energyprom.kz порталына сілтеме жасап. 

Ұлттық статистика бюросының соңғы бес жылдағы деректері отандық туризм пандемия күйзелісінен әлі айықпағанын көрсетіп отыр. Оған елімізге келетін шетелдік туристер санының көрсеткіші дәлел. 2019 жылы Қазақстанға 8,5 млн-нан астам, ал былтыр 4,7 млн қонақ келді (2021 жылмен салыстырғанда 3 есе артық). 

Ресурстың жазуынша, 2022 жылы 8,6 млн ішкі туристердің 6,4 млн-ы қонақүйлерде тұрақтады. 

"Тағы 1,8 млн-ы қорықтарға және басқа да ерекше қорғалатын аумақтарға барды, 378 мың азамат санаторийлерде демалды. Яғни, тек төрттен бір бөлігі немесе 2,2 миллион адам табиғатқа демалысқа шыққан немесе сауықтыру үшін санаторийге барған демалушылар болды. Қалғандары міндетті түрде туристер болған жоқ", - делінген хабарламада.

2021 жылы Ұлттық статистика бюросының сарапшылары қазақстандықтардың сапарларының мақсаты туралы зерттеу жүргізді. Оған сәйкес ішкі туристердің 48,9%-ы тек туыстары мен достарына қонаққа барса, 5,9%-ы жұмыс сапарларымен жүрген, ал 8,4%-ы сауда жасау үшін өз қаласынан тыс жерлерге кеткен. Демалуға, санаторийге немесе курортқа барғандардың үлесі тек 33,2%-ы болды. 

Өткен жазда Picodi.com халықаралық компаниясының мамандары отандастарымыздың демалысы туралы қызықты зерттеулер жүргізді. Оның қорытындысы бойынша сауалнамаға қатысқан ел азаматтарының 69%-ы Қазақстанға қарағанда шетелде жиі демалатынын айтқан. Ең танымал бағыттарға Түркия, Ресей, Египет, БАӘ, Тайланд жатады. Ел ішінде саяхаттағандар Алматыға, Астанаға, Алакөл көліне немесе Бурабайға жиі барды. Тағы 16%-ы демалыс уақытында Қазақстанда қалып, туған-туыстарының ауылында немесе басқа қалада демалған.

Респонденттер Қазақстандағы демалыстың артықшылықтарына елдегі қоғамдық тамақтандыру пункттерінің көптігін, туристер санының көп еместігін және жергілікті тұрғындардың қонақжай екенін атап өткен. Ішкі туризмнің кемшіліктеріне көрсетілетін қызмет бағасының сапасына сай келмеуін айтты. Сауалнамаға қатысқандардың жартысынан астамы жағымсыз факторлар деп лас жерлерді (56%), нашар жолдарды (55%), онша емес қоғамдық дәретханаларды (55%) және қызмет көрсету сапасының төмендігін (39%) айтқан. 

Іріктеп тексеру нәтижелері бойынша былтыр қазақстандықтар басқа елдердегі сапарларға 225,2 млрд теңге жұмсаған. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 42,9%-ға артық.

Егжей-тегжейлі мәліметтерге сүйенсек, бұл қонақүйлерде тұру (плюс 65,2%), рейстер, қоныс аудару және туристік жолдамалар (плюс 30,6%), тамақтану (плюс 46,5%) шығындарының өсуіне байланысты болған. Бұл шетелдік турларға кететін негізгі шығындар. 

Былтыр ел ішінде сапарларға азаматтар 419,1 млрд теңге жұмсаған, бұл 2021 жылға қарағанда 14,1%-ға артық. Ішкі туристердің саяхат бюджетінің жартысынан көбі жол ақысын төлеуге, тауарларды сатып алуға кетті. Қазақстандықтар 419,1 млрд теңгенің 116,7 млрд теңгесін шопинге жұмсады.

Қонақ үйлерде тұруға резидент саяхатшылар 54,1 млрд теңге немесе жалпы соманың 12,9%-ын кетірді. Өткен жылы саяхатшы қазақстандықтар туристік қызметтерге де үнемдеді. Туристік агенттіктерге 2022 жылы 217 млн теңге төленді. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда бірден 35,2%-ға төмен. Түрлі емдеу және сауықтыру рәсімдеріне арналған шығыстар 6,5%-ға, 21,3 млрд теңгеден 19,9 млрд теңгеге дейін азайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу