Мәжіліс Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы "Орталық Азия" халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының қызметін реттеу туралы келісімді ратификациялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Орталық өнеркәсіптік кооперация, экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық кешені ретінде жұмыс істейтін болады. Оның міндеттері – мемлекетаралық кооперативтік қатынастарды дамытуға қолайлы жағдай жасау, тараптардың шағын және орта өнеркәсіптік кәсіпорындарын халықаралық құн тізбегіне біріктіру, орталық аумағында құрылған өнеркәсіптік кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және басқалар
"Орталық Тараптар мемлекеттерінің шекара маңындағы аумақтарында Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының арасындағы Мемлекеттік шекара сызығының екі жағында орналасқан. Орталықтың жалпы ауданы 1 ш. км құрайды, оның ішінде қазақ бөлігінің ауданы – 0,5 ш. км, өзбек бөлігінің ауданы – 0,5 ш. км. Орталықтың географиялық координаттары, орналасу схемасы және аумағының шекаралары Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын Қосымшада келтірілген.
Келісімнің 6-бабында Орталық аумағында шаруашылық жүргізуші субъектілер өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға бағытталған қызмет түрлерін жүзеге асыра алатындығы көзделген. Орталықтың бір бөлігінен екінші бөлігіне өтетін адамдарды, көлік құралдарын, жүктерді, тауарлар мен жануарларды шекаралық, кедендік және өзге де бақылау түрлері Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына және олардың мемлекеттері қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес халықаралық қатынас үшін ашық "Атамекен" (Қазақстан) және "Гулистан" (Өзбекстан) өткізу пункттерінде жүзеге асырылады" - делінген қорытынды құжатта.
Халықаралық өнеркәсіптік ынтымақтастық орталығы әрқайсысы 500 шаршы метр аумақты алатын, өз мемлекетінің құзырында болатын қазақстандық және өзбекстандық бөліктерден тұратын болады. Қазақстандық бөлігін басқару Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігіне, ал өзбек бөлігі Өзбекстан Республикасының Инвестициялар, индустрия және сауда министрлігіне жүктелді.
Келісімді ратификациялау елдердің өндіріс пен кәсіпкерлікті дамыту саласындағы ынтымақтастығын кеңейтуге, инвестиция тартуға және сауда-экономикалық қатынастарды жақсартуға ықпал етеді.