Өзен суын ішіп отырған ауылдықтар құдыққа зәру

427

Павлодар облысында ауыл тұрғындары өзеннен арбалап су тасып ішіп отыр.

Өзен суын ішіп отырған ауылдықтар құдыққа зәру Фото: Ашық дереккөзден

ХХІ ғасырда мұндай бар дегенге ешкім сенбес, бірақ шындық осы. Өркениеттен тыс қалған елді мекенде бірде бір әлеуметтік нысан жоқ. Тұрғындар саны елуге жетпейтіндіктен құбыр тартуға қаражат та қарастырылмаған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Май ауданындағы Жаңатілек ауылында небәрі тоғыз түтін бар. Тұрғындар саны елуге жетпейді. Негізгі күнкөрістері мал шаруашылығы. Кезінде бастауыш мектебі, клубы бар тап-тұйнақтай елді мекен болған. Қазір болашағы жоқ ауылдар санатында.

Шағын ауыл әлеуметтік нысандардан жұрдай. Ең соңғы болып клубтың да жабылып қалғанына үш жыл болды. Ғимараты бүлініп барады. Атқа мінерлер бұл жаққа ат ізін де салмайды. Өйткені, жол да жоқ.

Мұндағы жұрт бәріне де төзеді. Тек, ең қинайтыны су мәселесі.

Егер су проблемасы болмағанда ауылдан ешкім көшпес еді. Қалғандары ата жұртын тастап кеткісі жоқ. 

Үш жыл бұрын Май ауданы топтық су құбырына қосылып, жол бойындағы елді мекендерге тіршілік нәрі тартылған. Жаңатілек сырт қалып қойды. Жан басы елуге толмайтындықтан бюджеттен қаражат қарастырылмаған. Сондықтан қолдан келер қайран жоқ дейді.

"Жаңатілек ауылына дейін ауылы емес судың құбыры, ауылына дейін емес трасса бойында су құбыры бар. Ол жерде гидрант кран бәрі тұр жалғай салуға болады. Бірақта ұзындығы үш жарым километр ол бірсыпыра қаражат. Бюджеттен біз ақша бөліп бере алмаймыз, өкінішке қарай", - деді Май ауданының әкімі Ағыбай Әмірин.

Павлодар облыстық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының дерегінше, ауыл халқы 95%-ы таза ауыз сумен жабдықталған. Алайда, Жаңатілек секілді елді мекендерді көргенде цифрларға сену қиын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу