Түркістан облысының полицейлері өзгенің ақшасын есепшотынан ұрлап алған пошта қызметкерін ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Келес АПБ-нің кезекші бөліміне жергілікті тұрғын пошта бөлімшесіндегі есепшотынан 200 000 теңгеге жуық ақшасының ұрланғанын айтып, арызданды. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 189-бабы бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілген.
"Аталған істің мән-жайын анықтау барысында тәжірибелі полицейлерден жедел-тергеу тобы құрылды. Нәтижесінде осы қылмысқа қатысты күдіктінің жеке-басын анықталды. Ол жергілікті тұрғын, пошта қызметкері жас қыз болып шықты. Тергеу барысында күдікті пошта бөлімшесінің қызметкері тұрғынның ақшасын өзі қол қойып, шешіп алғаны айқындалды",– деп жазылған ІІМ хабарламасында.
Өзінің қызметін пайдалана отырып, жалған құжаттармен, өзгенің сеніп тапсырылған мүлікін иемденгені үшін күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 189-бабы (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу) және 385-бабы (жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу) бойынша тергеу амалдары жүргізіліп, жинақталған іс-құжаттары аудандық сотқа жолданған.