Кемелер үшін кек
Ең қанды оқиғалардың бірі Йеменде бейсенбіде болды. Сол күні АҚШ әуе күштері осы елдің Қызыл теңіз жағалауындағы Рас-Иса отын терминалын бомбалағанда, кемінде 74 адам қаза тауып, 171-і жараланған. Құрбандар саны артуы мүмкін. Себебі іздеу-құтқару операциялары жалғасып жатыр. Өлгендердің ішінде жергілікті мұнай компаниясының жұмысшылары бар.
Президент Дональд Трамп әкімшілігі мәлімдегендей, бұл шабуылдың мақсаты – ираншыл хуситтердің Қызыл теңізде сауда кемелерін атқылауын тоқтату.
АҚШ пен Израиль бұған дейін де осы портқа соққы берді. Олардың ойынша, Рас-Исада хуситтердің кемелерге шабуыл жасайтын дрондары мен ракеталарының хабы орналасқан. Сонымен қатар, Рас-Иса шииттік хуситтер әкімшілігі үшін жанармай импорттайтын және жылына жүздеген миллион доллар пайда әкелетін нүктеге айналыпты.
Хуситтер Израиль армиясының Газа секторын бомбалау операцияларына қарсылық ретінде кемелерді нысанаға ала бастады. Бірақ палестиналық анклавта өткен айда соғыс қайта жанданып, йемендік қарулы топ шабуылды жалғастыруға уәде берсе де, олардың әрекетінен Қызыл теңізге ешқандай су көлігі зардап шекпеген.
Өзендегі өлім
Ал жұма күн Конго Демократиялық Республикасында моторлы ағаш қайық отқа оранып, аударылып қалды. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, кемінде 148 адам қаза тапқан.
Жалпы алғанда, қайық апатқа ұшырар қарсаңда оның үстінде 500 жолаушы отырған. Қайғылы оқиға елдің солтүстік-батысындағы Конго өзенінде болды.
Жүздеген адам жоғалып кетті. Құрбандардың ішінде жүзу білмесе де суға секіріп кеткен әйелдер мен балалар бар. 100 шақты адам құтқарылып, жараланғандар жергілікті госпитальдерге жеткізілді.
Куәгерлердің сөзінше, өрттің басталуына бір әйелдің сапар барысында қайықта тамақ істеймін деп от жағуы себепші. Қазір трагедияның толық мән-жайы анықталып жатыр.
Таудағы трагедия
Бейсенбі күні Италияның оңтүстігіндегі Неаполь қаласының маңында аспалы вагон тау шыңынан құлап, 4 адам жан тәсілім етті. Біреуі жараланған. Оның өміріне де қауіп төніп тұр.
Трагедия Кастелламаре-ди-Стабия және Монте-Фаито қалалары арасындағы аспалы жолдың бір арқаны үзіліп кеткенде болды. Әдетте туристтер мұндай вагондарға Везувий вулканы мен Неаполитан бұғазын биіктен тамашалау үшін мінеді.
Қаза тапқандардың екеуі – британдық, біреуі – израильдік саяхатшы. Сонымен қатар, осы вагонның операторы да мерт болды. Ауыр хәлде жатқан туристер те – израильдік. Қазір тергеу жүріп жатыр.
Апатқа ұшыраған кабинадан 9 адам біртіндеп құтқарылды. Олардың ешқайсы жараланбаған.
Өзгермеген үкім
Жұма күні Италияның апелляциялық соты пәкістандық ерлі-зайыптыға берілген өмірлік түрме жазасын күшінде қалдырды. Ауыр үкімге кесілген ата-ана 18 жасар қызын өздері таңдаған адамға тұрмысқа шықпағаны үшін өлтірген. Бұл оқиға кезінде Италия қоғамын дүр сілкіндіріп, әйел-иммигранттарға деген қатыгездіктің символына айналды.
Болонья қаласы апелляциялық сотының мәлімдеуінше, мәйіті өзі жоғалып кеткеннен кейін 18 айдан кейін 2022 жылы фермадан табылған Саман Аббасты отбасы жабылып өлтірген. Осы қылмыс үшін жасөспірімнің әкесі Шаббир Аббас пен шешесі Назия Шахин енді түрмеден ешқашан шықпайды.
Сонымен қатар, марқұмның бұрын төменгі сот ақтап шығарған екі немере ағасы да өмір бойына бас бостандығынан айрылды. Саманның ағасы Даниш Хаснайн да кісі өлтіруге қатысқаны үшін 22 жылға қамалды. Бұған дейін ол 14 жылға сотталған болатын.
Пәкістанда намыс үшін өлтіру кең таралған. Оған сәйкес, отбасы мүшелері мен туыстары кейде жергілікті дәстүрлер мен мәдениетті ұстанбайтын немесе өз таңдауы бойынша біреуге тұрмысқа шығуға шешім қабылдаған әйелдердің жанын қияды.
Саман Аббастың денесі 2022 жылдың қарашасында Италияның солтүстігінде әкесі жұмыс істеген егістік алқабы маңындағы қараусыз қалған ферма үйінің астынан қазылып алынды. Италиялық прокурорлар Саманды 2021 жылы мамырдың 1-де отбасы өлтірді деп санайды. Ерлі-зайыпты болса, қыздарын өлтіргеннен кейін Миланнан Пәкістанға ұшқан. Алайда, кейіннен екеуі де тұтқындалып, Италияға экстрадицияланды.