Парниктік газ шығарындыларының 13%-ы ауыл шаруашылығы саласына тиесілі – сенатор

321

Ауыл шаруашылығында парниктік газ шығарындыларының бөлінуі ұлғаюда. 

Парниктік газ шығарындыларының 13%-ы ауыл шаруашылығы саласына тиесілі – сенатор Фото: shiko34.ru

Сенатор Сәкен Арубаев ауыл шаруашылығындағы парниктік газ шығарындылары мәселесін көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Бүгінде агроэнеркәсіп кешені бір жағынан парниктік газ шығарушылардың бірі болса, екіншіден парниктік газдан зардап шегуші салалардың бірі болып отыр. 2021 жылы жалпы шығарылған парниктік газдардың 13 пайызы ауыл шаруашылығы саласының еншісіне тиген. Бұл негізінен метан бөлінетін ауыл шаруашылығы жануарларының ішкі ферменттеуіне және азот оксиді бөлінетін топырақты өңдеуге байланысты. Ауыл шаруашылығында парниктік газдың бөлінуі ұлғайып жатыр. Егер 2013 жылы СО2 шығарындылары 30,8 млн тоннаны құраса, 2021 жылы 42,8 млн тоннаға жеткен. Бұл, ең алдымен, жануарлар санының және ауыл шаруашылығы алқаптарының өсуіне байланысты. Экологияға ауыл шаруашылығы газ шығарындыларын азайту үшін қандай шаралар қабылданып жатыр?", - деп сұрады депутат.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, 1990 жылдары парниктік газдар жалпы шығарындыларындағы СО2 үлесі 16 млн тонна болған.

"Соңғы жылдары бұл көрсеткіш өсіп кеткен. Оның қазіргі көлемі 60 млн-нан асып кетті. Әрине, мұның негізгі себебі – жердің құнарсыздануы. Осыған байланысты қазір Экология кодексінде офсеттік жобаларды іске асыру бойынша жақсы механизм қарастырылған. Өкінішке қарай, бүгінде ауыл шаруашылығы саласында бірде-бір осындай жобалар іске асырылмаған. Бұл жобалар ауыл шаруашылығы нысанындағы жерлердің тозуын тоқтатуға, қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Осы іс-шаралардың арқасында жаңа технологияларды, агротехниканы қолдану міндетті болады. Мал шаруашылығы саласында биогаз шығаратын бір ғана жоба іске асырылды", - деп жауап берді ведомство басшысы.

Бұдан бөлек министр биылдан бастап Степногорск маңайында жапондық жеке компаниямен бірлесіп 14,5 мың гектар жерге ағаш отырғызылатынын айтты.

Айта кету керек, осыған дейін "Жасыл" технологиялар саласында білікті мамандар жетіспейтінін жазған болатынбыз. Бұдан басқа  ірі кәсіпорындардың қоршаған ортаға әсері онлайн түрде бақыланатынын да айттық.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу