Павлодар облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Павлодар мұнай-химия зауытында болып, кәсіпорынның қызметімен, жоспарлы жөндеуден кейін зауытты іске қосуға дайындық барысымен, сондай-ақ кәсіпорын мен сервистік (аутсорсингтік) компаниялар қызметкерлерінің еңбек жағдайларымен танысты, деп хабарлайды inbusiness.kz Үкімет басшысының сайтына сілтеме жасап.
Жөндеу жұмыстары кезінде "Азаматтық қорғау туралы" ҚР Заңының талаптарын қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар орындалды. Зауытта жұмыстың өндірістік циклін үздіксіз қамтамасыз ету үшін жабдықтың өнеркәсіптік қауіпсіздігіне техникалық куәландыру және сараптама жүргізілді. Сонымен қатар технологиялық қондырғыларда жоспарлы-алдын алу жөндеу жұмыстарына сәйкес, жабдықтарды тексеру, тазалау және ауыстыру іс-шаралары жүргізілді.
Вице-премьер бір апта ішінде өнім шығару көлемі 1,5 мыңнан 9 мың тоннаға дейін ұлғайтылатынын атап өтті. Негізгі міндет – қалыпты жұмыс режиміне оралып, күзгі егіс жұмыстарына алдын ала дайындалу және энергия ресурстары бағасының көтерілуіне жол бермеу арқылы еліміздің орталық және солтүстік өңірлерін қамтамасыз ету. Е. Тоғжанов зауыттағы жөндеу жұмыстары кезінде жағармай бағасы бұрынғы деңгейде қалғанын айтты. Жазғы кезеңде туристердің келуіне байланысты жағармай жеткізуде қиындықтар туындағанымен Үкімет және тиісті органдар бұл мәселелерді жедел түрде шешіп отырды.
"Энергетика министрінің ІІ жартыжылдыққа арналған жанар-жағармай материалдарының бағасы бойынша Бұйрығы бекітілді. АИ-92 бензинінің бағасы бұрынғы деңгейде қалды (литріне 182 теңге), Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарын есепке алмағанда, мұнда логистиканың қымбаттауына байланысты бензиннің бір литрінің бағасы 187 теңге тұрады. АИ-95 маркалы бензиннің бағасы реттелмейді (бұрын 215 теңге болса, қазір де орташа баға сондай болып қалды). Дизель отынының бағасы өңірлердің ерекшеліктеріне қарай бұрынғы деңгейде сақталып қалды, литріне 230-260 теңге. 28 шілдеден бастап ПМХЗ жөндеуден кейін өз жұмысын бастайды", – деді Е. Тоғжанов.
Халықтың табысын арттыру бағдарламасы шеңберінде еңбек кірістеріндегі теңгерімсіздікті жою және жұмыскерлердің жалақысын салалық орташа көрсеткіштен төмен емес деңгейде арттыру, халықты өнімді жұмыспен қамтуды ұлғайту мақсатында мемлекеттік қолдау шараларын алу кезінде бизнестің міндеттемелері белгіленді.
2022 жылғы 30 мамырдағы жағдай бойынша "ПМХЗ" ЖШС 2 315 адам жұмыс істейтін 13 сервистік (аутсорсингтік) компаниямен 29 шарт жасасты. Осы мәселені реттеу мақсатында "ПМХЗ" ЖШС бұрын аутсорсингке шығарылған персоналдың жалақысын және әлеуметтік пакетін одан әрі арттыра отырып, сервистік компаниялардың қызметтерінің құнын арттыру бойынша ұсыныстарды, сондай-ақ аутсорсинг қызметкерлерінің жалақысын көтеру бойынша шарт сомасын ұлғайту үшін қолданыстағы шарттарға қосымша келісімдер әзірленіп, "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ-мен келісілді.
Сонымен қатар жалақыны арттыру "ПМХЗ" ЖШС қаржылық мүмкіндіктеріне қарай жүргізіліп, жұмыскерлердің біліктілігіне, орындайтын жұмыстың күрделілігі, саны және сапасына, еңбек шарттарына қарай, сондай-ақ ұлғайтусыз қолданыстағы мұнай өңдеу тарифі шеңберінде дифференцияланады.
Аутсорсингтік компаниялар персоналының лауазымдық және тарифтік мөлшерлемелері әр компания үшін жекелей жұмыскерлердің біліктілігі, орындайтын жұмыстың күрделілігі, саны және сапасына, еңбек шарттарына байланысты 14-тен 56%-ға дейін ұлғайтылады.
Кездесу соңында Е. Тоғжанов кәсіпорын басшылығына кадрлар даярлауға ерекше назар аударуды тапсырды. Ол зауыт басшылығына өңірдегі колледждердің бірін өз қамқорлығына алуды ұсынды.