Қазақстан Республикасының Су кодексіне сәйкес, ауыл тұрғындары үшін судың құнын төмендетуге бағытталған субсидиялау механизмін қарастырылған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Соған сәйкес, жергілікті мәслихат субсидия көлемін ескеріп, тарифті бекітеді. Алайда Павлодар облысының бірнеше елді мекенінде мәслихаттың шешімімен тек топтық су құбырына қосылған ауылдарға су жеткізу құны ескерілген. Ал жергілікті жүйелерден, яғни орталық су құбырынан тіршілік көзін жеткізу құны белгіленбеген болып шықты. Мұны табиғатты қорғау прокуратурасы кезекті талдау жұмыстарының барысында байқады.
Бұл олқылықтың салдарынан су жеткізуші кейбір кәсіпорындар субсидиядан қағылды. Себебі оның көлемі мәслихаттың бір текше метр су бағасына тікелей байланысты болады. Кәсіпорындар субсидия алмағандықтан, тұрғындар су үшін төлейтін тарифтің бағасы жоғары болып келді.
"Табиғат қорғау прокурорының іске араласуы нәтижесінде мәслихаттың тек топтық жүйелерден алынатын ауыз судың құнын реттейтін шешімі жойылды. Оның орнына барлық су жеткізу көздерін қарастыратын жаңа нормативтік-құқықтық акт қабылданды" , - деп мәлімдеді Павлодар облыстық прокуратурасы өкілдері.
Енді мәслихаттың жаңа шешімі бойынша бір текше метр судың тарифі 185 теңге болып белгіленді. Бұл бұған дейінгі тарифтен 30 пайызға арзан.
Сәйкесінше, өңірдің ауылдарындағы 45 мың тұтынушы үшін су жеткізу тарифі төмендеді. Енді олар таза ауыз су үшін бұрынғыдан әлдеқайда аз төлейтін болды.