Тұтас ел өткен жылғы көктемнен сабақ алып, биыл су тасқынына қарсы шараларына әдеттегіден ерте қамданды. Павлодар облысында да оқыс оқиғаны болдырмау үшін тиісті жұмыстар күшейтілді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Қазақстанның ұлттық гидрометеорологиялық қызметі еліміздің 11 облысы көктемгі су тасқынынан зардап шегуі мүмкін деген болжам жасады. Олардың қатарында Павлодар облысы да бар. Былтыр мұндағы Ақтоғай ауданы Жалаулы ауылы қарғын судың астында қалып, 10-нан астам үйге су кірген-ді. Оның бесеуі қалпына келтіруге жарамай қалып, жаңасы салынды. Биыл мұндай жағдай қайталанбас үшін мамандар түрлі шараны қолға алып жатыр.
Айталық, Павлодар облысы бойынша төтенше жағдайлар департаменті 179 қызметкер, 64 техника, 59 мотопомпа, 4 жүзу құралы мен 3 вахта автобусын дайындап отыр. Көктемгі уақытта су тасқыны болса қалса, жергілікті атқарушы органдар мен полиция, жедел жәрдем, еріктілер де жұмылдырылатын болады. Бұл ретте аймақ бойынша 1600 адам, 650 инженерлік техника, 34 жүзу құралы, 266 мотопомпа, халықты эвакуациялауға арналған 184 техника да жұмылдырылмақ.
"Қазіргі уақытта су басу қаупі бар учаскелер департамент мамандарының ерекше бақылауына алынған. Аймағымыздағы ахуал климаттық жағдайға тікелей байланысты. Күннің күрт жылып, қардың тез еруі, еріген қар суының топыраққа сіңіп үлгермеуі кейін ойпатты учаскелердің су басуына әкелуі мүмкін. Бұдан бөлек, Абай, Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарындағы су деңгейі де өңірдегі жағдайға әсер етуі ықтимал. Осы жағдайлардың бәрі бақылауда болады. Бүгінде облысымызда Ақтоғай және Баянауыл аудандары қауіпті аймаққа жатады", – дейді департамент өкілдері.
"Қазгидромет" болжамынша, Шүлбі және Сілеті су қоймаларынан көп көлемде судың босатылуы мұздың "кептелісін" тудыруы мүмкін. Бұл өз кезегінде елді мекендер, жайылымдық жерлер, жолдарды су басуына әкеп соғуы мүмкін. Қазіргі уақытта мұздың қалыңдығы 38-50 сантиметр болып отыр. Сондықтан босатылатын судың көлемін де бақылау керек.
Сонымен қатар, Павлодар қаласына қарасты Атамекен кенті мен Кенжекөл ауылында, облыс орталығы ішіндегі бірнеше шағын ауданда қауіп жоғары. Бұл ретте Атамекенде су басудың алдын алу үшін күзде бөгет нығайтылып, оның ұзындығы 800 метрге дейін ұлғайтылған еді. Кенжекөлде күшейтілген бөгеттің ұзындығы 2,6 шақырымға дейін жетті. Зеленстрой және екінші Павлодар шағын аудандарында дренаж жүйесі ретке келтіріліп, сорғы жабдықтарына тексеру жүргізілді.
"Су тасқынына қарсы іс-шаралар аясындағы басты міндет – су басу қаупі бар учаскелерден қарды уақтылы шығару. Бүгінгі таңда Зеленстрой және Лесозавод аумақтары қардан толық тазартылды. Қазіргі уақытта жұмыстар екінші Павлодар мен МДС ауданында жүргізілуде. Қар тазалау жұмыстарына 50-ден астам арнайы техника жұмылдырылды", – деді Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков.
Жалпы, мамандар су тасқынына дайындық шаралары жіті бақылауда екенін мәлімдеп отыр.