Ел көлемінде әлеуметтік маңызы бар тауарларға 15%-дан артық үстемеақы қосуға болмайтыны белгіленген. Алайда павлодарлық кейбір саудагерлер бұл ережені елемей отыр. Тіпті, біреуі 15%-ды ысырып қойып, бірден 197% қосып жіберген, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Өткен жылы Павлодар облысында бірінші кезекте керек тауарлардың бағасын негізсіз өсіріп, түрлі құқық бұзушылыққа жол берген 42 дүкеннің өкілі әкімшілік жауапкершілікке тартылған болатын. Биыл жыл басынан бері 95 сауда орны жауапкершілік арқалады. Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің басшысы Дәулен Қабдушев ережені елемейтіндердің қатары бірден екі есеге өсуін тексерістердің көбеюімен әрі тұтынушылық мәдениеттің артуымен байланыстырды.
"Бүгінгі таңда саудагерлердің жұмысын бақылау бағытындағы жұмыс күшейді. Сол себепті болар, құқық бұзушылықтар жиі анықтала бастады. Сонымен қатар, тұтынушылардың әлеуметтік жауапкершілігі артып келеді. Биыл азаматтардың шағымы негізінде 65 жоспардан тыс тексеріске шығып, 59 кәсіпкерлік нысанын жауапқа тарттық. Сол сияқты мемлекеттік мекемелердің шағымы негізінде 36 кәсіпкерге әкімшілік шара қолданылды", - деді Дәулен Қабдушев.
Кәсіпкерлер тарапынан жіберілетін олқылықтардың басым бөлігі – бағаны негізсіз өсіруі. Мәселен, сауда нүктелерінің бірінің сатушысы қарақұмықтың келісін 198 теңгеге алып, оны 470 теңгеден сатқан. Яғни, 15%-дың орнына бірден 197% қосқан. Мәселеге мемлекеттік органдар араласқан соң ғана қарақұмықтың бағасы 227 теңгеге дейін арзандады.
Сол сияқты төрт кәсіпкер сөреде көрсетілген баға мен кассадан өткізген бағаның арасында айырмашылық болғаны үшін жазаланды. Енді бірі тауардың бағасын мүлде көрсетпеген. Соған қарамастан, өзінің әрекетін бұрыс санап, мемлекеттік мекеменің шешімімен келіспей, сотқа жүгінген. Бірақ сот кәсіпкердің ісі бұрыс екенін көрсетіп, бірінші инстанция да, аппеляциялық сот та кәсіпкер өтінішін қанағаттандырған жоқ.
Айта кету керек, Павлодар облысында тек қарақұмық емес, картоп, сәбіз бен пияздың биылғы өнімінің де бағасы өскені байқалады. Бірақ былтырғы өнімнің бағасы шекті бағадан асқан жоқ. Жергілікті кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Руслан Тілеулесов тұтынушылардың таңдауы өз еркінде екенін алға тартады.
"Қазір тұрақтандыру қорында 100 тонна картоп пен 20 тонна сәбіз бар. Бірақ былтырғы өнім тұтынушылар арасында аса жоғары сұранысқа ие емес. Көпшілігі бағасы сәл қымбаттау, биылғы өнімді алуды құп көреді", - дейді ол.
Жалпы, облыстық тұрақтандыру қорында қазір 900 тонна азық-түлік бар. Ол өңірдің 217 әлеуметтік дүкенінде саудаланады. Жыл басынан бері тек "Jailau" базарының өзінде 2 млрд теңгеден астам сомаға тауар сатылды.