Әуеден жасалған тексеріске өңір басшысымен бірге шыбын-шіркейге қарсы күрес жұмыстарындағы ғылыми топтың өкілдері де қатысты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Мониторинг облыс орталығын, Ақтоғай мен Павлодар аудандарын, Тереңкөл ауданының жайылма алқаптарын қамтыды.
Су қоймаларының жоғарғы Ертіс каскадынан табиғатты қорғау мақсатында су жіберу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес 9 сәуірде басталды. 23 сәуірде өткен ведомствоаралық комиссияның кезектен тыс отырысында оған түзетулер енгізілді. Жіберілетін судың көлемі 6,32 текше км дейін ұлғайтылды – оның ішінде тоғыз тәулік бойы 3,5 км³ су жіберілді.
2025 жылғы 5 мамырдағы жағдай бойынша Шүлбі су қоймасынан жіберіліп жатқан судың көлемі 1319 м3/сек құрайды. 9 сәуірден 5 мамырға дейін 6,3 км³ су жіберілді.
Бүгіннен бастап табиғатты қорғау мақсатында су жіберу жұмыстары аяқталуда. Бүгінгі таңда Павлодар ауданының Заря және Новоямышев, Ақсу қаласының ауылдық аймағындағы Дөнентаев ауылдарының, сондай-ақ, Ақтоғай ауданының Жаңабет және Тереңкөл ауданының Береговое мен Байқоныс ауылдарының маңындағы жайылма алқаптарын су басып үлгерді.
Болжам бойынша жайылма алқабын 90%-ға дейін су басады деп күтілуде, бұл өткен жылғы көрсеткіштен (82%) жоғары.
Су жіберудің белсенді кезеңінің аяқталуымен аумақтарды шыбын-шіркейге қарсы әуеден және өзен арқылы өңдеу жұмыстары басталады. Биылғы жылы әуеден 172 мың га және өзен арналары бойынша 1 800 км аумақ өңделеді. Өңдеу жұмыстарын 59 елді мекенде жүргізу жоспарлануда.
Өңір басшысы гидропосттардағы су деңгейіне күнделікті негізде мониторинг жүргізуді және облыстағы су жағдайын ескере отырып, өңдеу жоспарына жедел түрде түзетулер енгізуді тапсырды.