Павлодарда 1,6 мыңнан астам кәсіпкерлік нысанының жұмысы тоқтап тұр

1095

Жыл басынан бері павлодарлық кәсіпкерлерге барлығы 300 млрд теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілді.

Павлодарда 1,6 мыңнан астам кәсіпкерлік нысанының жұмысы тоқтап тұр

Павлодар облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Жайық Хасановтың сөзінше, Төтенше жағдай мен күшейтілген карантиндік шаралар әсерінен өңірдегі сауда, логистика және қызмет көрсету салаларының көрсеткіштері айтарлықтай төмендеген.

"Бүгінде 1600-ден астам кәсіпкерлік нысанының жұмысы шектеулерге байланысты тоқтап тұр. Мұнда барлығы 11 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Олардың уақытша табыссыз қалуына байланысты жұмыс берушілер 42 500 әлеуметтік төлем алу туралы өтініш берді", – дейді Жайық Хасанов.

Десе де, жыл басынан бері павлодарлық кәсіпкерлерге барлығы 300 млрд теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілді. Оның ішінде, "Бизнестің жол картасы-2025" бағдарламасы бойынша 301 жоба, "Қарапайым заттар экономикасы" аясында 88 жоба мақұлданған. Сонымен қатар, наурыз айында "Бизнестің жол картасы-2025" бағдарламасы арқылы кәсіп бастауға ниетті тұрғындардың 9 жобасына 5 млн теңгеге дейін мемлекеттік грант берілді. Жуырда тағы 41 млн теңге қайтарымсыз қаржы бизнес бастауға ынталы азаматтарға үлестірілмек.

Бизнес өкілдеріне көмек мұнымен шектеліп қалмайды. Қазір "Бизнестің жол картасы-2025" бағдарламасы арқылы микро және шағын кәсіпкерлік түрлеріне 5 млн теңгеден 20 млн теңгеге дейінгі көлемдегі несиелерді 6 пайыздық мөлшерлемемен беру мәселесі қарастырылуда. Оған қоса, "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры 85 пайыз кепілдік бере алады. Бұл өзгеріс осы жылдың тамыз айында енгізіледі.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу