Павлодарда 2,5 мыңнан астам адам банкрот атануды қалайды

Бірақ олардың басым бөлігінің өтініші кері қайтарылды. 

Павлодарда 2,5 мыңнан астам адам банкрот атануды қалайды Фото: alataunews.kz

Елімізде осы жылдың наурыз айынан бастап жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылданғаны белгілі. Соған сәйкес, берешекке белшесінен батқан азаматтар мойнындағы қарыздық жүктемені едәуір азайта алады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Ұлттық банктің ақпаратына сүйенсек, Павлодар облысындағы тұрғындардың екінші деңгейлі банктер алдында уақытылы төленбеген қарызының жалпы сомасы 15 млрд теңгеден асып жығылады. Яғни, аймақ жұртшылығының қаржы мекемелері алдында дер кезінде өтелмеген осынша берешегі бар. Шыны керек, кезінде қысылған уақытта банкке жүгіріп, одан қолдау тапқан кей азаматтардың бүгінде алған сомасын пайызбен қоса қайтарып беруге мүмкіндігі жоқ. Мұндай жағдайда олар банкроттыққа өтініш беріп, қарызынан құтыла алады. 

Жергілікті мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ержан Тоқтархановтың сөзінше, наурыз айынан бастап барлығы 2,5 мың адам қарызын қайтаруға қауқарсыз екенін алға тартып, өтініш берген. Алайда оның 1900-ге жуығы кері қайтарылды. Себебі банкрот болуды қалайтындардың көбі талапқа сай келмейді. 

"Соттан тыс банкрот боп танылу үшін басты үш талапқа сәйкес келу керек. Бастысы, тұрғындардың қарызы 5,5 млн теңгеден аспауы тиіс әрі соңғы 12 ай бойы өтелмеуі керек. Егер осы уақыт аралығында сот орындаушылары арқылы берешектің бір бөлігі өтелсе немесе тұрғынның өзі несиенің қандай да бір сомасын төлесе, банкрот бола алмайды. Сонымен қатар, өтініш берушінің атында үйі, көлігі, жері болмауы керек. Тағы бір талап – банкпен қарызды реттеу туралы өзара уағдаластықтың болуы", - дейді Ержан Тоқтарханов.

Әзірге тек 155 адам осы талаптардың барлығына сай келіп, банкрот деп танылды. Тағы 400-ге жуық азаматтың өтініші електен өтіп жатыр. Мемлекеттік кірістер органдары 15 күн аралығында тексеріс жүргізеді. 

"Бірден ескерер жайт, банкроттыққа өтініш бермес үшін ойды жан-жақты саралап алған дұрыс. Себебі мұндай рәсімнің де салдары бар. Иә, мұндай жағдайда қарызды қайтару міндетінен құтылғанымен, бұл – несиелік амнистия емес. Банкрот болған адам алдағы бес жыл аралығында қаржы мекемелерінің қызметіне мүлде жүгіне алмайды. Яғни, банк пен микроқаржы ұйымдарынан жаңа несие ресімдей алмайды. Тағы үш жыл аралығында оның қаржылай жағдайына мониторинг жасалады", - деп түсіндірді департамент басшысы. 

Атап өтерлігі, кей павлодарлықтар банк алдындағы қарызын ғана емес, мемлекеттің қазынасына аударылуы тиіс міндетті төлемдерді жасауға да асықпайды. Айталық, бүгінде облыс тұрғындарының мүлік бойынша 105 млн теңге, жер салығы бойынга 4 млн теңге, көлікке төленуі тиіс 697 млн теңге қарызы бар. Бұл берешектің 604 млн теңгеі жеке сот орындаушылары арқылы өндіріліп алынды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу