Өңірдегі көлдерде оттегінің жетпеуінен, басқа да табиғи-климаттық жағдайлардың салдарынан балықтың жаппай қырылуы соңғы уақытта жиі орын алатын жағдайға айналды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Айталық, былтыр Шығанақ көлінде 6 тоннадан астам балық жағаға шығып қалды. Биыл Тяпка, Илюшка көлдері мен атаусыз су қоймаларының бірінде судың қатып қалуына байланысты тағы да балықтар қырылып қалды.
"Зайсан-Ертіс" облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Нұржан Қазтайдың пайымынша, бұған құзырлы органдардың көлдерді күту ісіне немқұрайлы қарауы себеп болып отыр.
"Жергілікті атқарушы органдар су айдындарына мониторинг жүргізіп, судың қатып қалмасы үшін белгіленген шараларды атқарылуы тиіс. Мәселен, күз-қыс кезінде мұзды тесіп, қамыс төсемдерін салуы қажет. Алайда бұл бағыттағы шаралар тиісті деңгейде атқарылып жатқан жоқ. Соның салдарынан мұз астында оттегі жетпей, балықтар қырылуда", - дейді Нұржан Қазтай.
Олардың орнын толтыру үшін көлдерге басқа балық түрлері жіберіледі. Биыл ресурсты ұлғайту үшін 29 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл шаралар балық аулау шаруашылықтарының есебінен жүргізіледі.
Айталық, биыл 7 шаруашылық Ертіс өзеніне 37 880 дана шабақ жіберді. Оған қоса, балық шаруашылықтарына бекітілген су айдындарына 168 мың әр түрлі балық түрін босатты.
Балық ресурстары мен басқа да су жануарларына келтірілген зиянды өтеу аясында "Еуроазиялық энергетикалық корпорация" АҚ Ертіс өзеніне 15 880 тұқы, "Қазақстан алюминийі" АҚ 22360 тұқы жіберді.