Павлодарда кальциленген сода шығаратын зауыт салынады

1291

Бұл – Башқұртстан мен Қазақстан компанияларының бірлескен жобасы. 

Павлодарда кальциленген сода шығаратын зауыт салынады

ҚР Үкіметінің басшысы Асқар Маминнің қатысуымен Уфа қаласында өткен халықаралық бизнес апталығы аясында тиісті келісімшарттар жасалды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Осы жылдың тамыз айында "Башқұрт Сода компаниясы" АҚ мен павлодарлық "Каустик" АҚ басшылығы химия кластерінің техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу туралы шарт жасасқан болатын. Ал күні кеше бұл мәселе үкіметаралық деңгейде шешімін тапты. Соның нәтижесінде Павлодар қаласында салынатын өндіріс орнында кальциленген сода, натрий бикорбанаты, хлорлы алюминий сынды өнім түрлері шығарылады. Сонымен қатар ТМД-дағы жалғыз цирконий оксихлоридінің өндірісі басталады. 

Екі тарап жаңа химия кластеріне барлығы 1 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция салуды жоспарлап отыр. Бұл ретте Еуразия Даму банкі қаржылай қолдау көрсетеді. Сондай-ақ жоба жүзеге асқан соң 1 240 жұмыс орны құрылады. 

Асқар Мамин Қазақстан мен Башқұрстан арасында биыл жасалған жол картасы осы сынды ірі инвестициялық жобаларды қолға алуға мүмкіндік беретініне сенім білдірді. 

"Башқұртстан Республикасы Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық серіктестігінде ерекше орын алады. Биылғы қыркүйек айының соңында Радий Хабировтың біздің елге сапарының қорытындысы бойынша бекітілген Қазақстан мен Башқұртстан арасындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту жөніндегі 2022-2024 жылдарға арналған Жол картасы сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылды арттырудың сенімді тетігіне, сондай-ақ бизнес-топтар үшін бірқатар перспективалы салаларда қалыптасатын мүмкіндіктердің тереңдігі мен ұзақ мерзімділігінің белгісіне айналуда", – деді Асқар Мамин. 

Айта кетелік, "Башқұрт Сода компаниясы" Ресейде кальциленген, каустикалық және ас үй сода өндірісі бойынша көш бастап тұр. Мұнда Ресей нарығындағы кальциленген соданың 62%-ы, ас үй содасының 72%-ы, каустикалық соданың 17%-ы дайындалады. Компания мен Қазақстан арасындағы келер жылғы тауар айналымының жоспары 320 мың тоннаны құрайды. Қаржыға шаққанда 87 млн АҚШ доллары. 

Ал павлодарлық "Каустик" компаниясы осыдан тура 10 жыл бұрын өндірістік аймақта құрылды. Оның құрылысына 108 млн АҚШ долларына тең инвестиция жұмсалды. Бүгінде аталмыш кәсіпорында жылына 30 мың тонна каустикалық сода, 6,6 мың тонна натрий гипохлориті, 36,4 мың тонна хлор және 45 мың тонна тұз қышқылы шығарылады. 

Енді екі елдің ірі компаниялары бірігіп, жаңа химиялық кластердің негізін қаламақ. Сол арқылы Орта Азия нарығын жаулап алмақ ниетте. Тек бұл өндіріс орнының салынуына жергілікті жұртшылық пен экологтар қарсылық танытқан еді. Олардың пайымынша, сода зауытының қоршаған ортаға зияны орасан зор. Бастысы, Ертіс өзенінің суын пайдаланатын бұл кәсіпорын қала жұртшылығын тіршілік нәрінсіз қалдыруы әбден мүмкін.

Алайда осы іспетті наразылықтарға қарамастан, келісімшарт жасалды. Өндірістің іске қосылуы – уақыт еншісіндегі ғана мәселе.

Атап айтқанда, оның құрылысы екі жылдан астам уақытты алады. Кейін Павлодарда жылына 200 мың тонна сода өндіретін жаңа зауыт жұмысын бастайды. 

Ажар Дәулетова 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу