Көктем-жаз уақытында Павлодар облысы тұрғындарының мазасын маса алады. Шыбын-шіркей ит-құстардың да құтын қашырады. Сондықтан кейбір ауылдағы ағайын жаз уақытында далаға шығудан қалады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Павлодардағы қансорғыштардың мәселесі – жыл сайын көтерілетін проблема. Осыдан бес-алты жыл бұрын шіркейдің көп болғаны соншалық, олар құстардың тыныс алу органдарына дейін кіріп, ауа жетпегендіктен тауықтар қырылып қалған-ды.
Тұрғындар да, әсіресе балалар жаздың жайма шуағын сезіне алмай, үйдегі төрт қабырғада қамалып қалады. Бұл түйткілдің түйінін тарқату үшін 2021 жылдан бастап жергілікті әкімдік жаңа әдіске көшті. Яғни, сол жылы мердігермен бірден үш жылдық келісімшарт жасалып, бұл мақсатқа 1,5 млрд теңге қарастырылды. Себебі тек бір жылдық жұмыстан айтарлықтай нәтиже бола қойған жоқ. Сөйтіп, жаңадан мемлекеттік конкурс ұйымдастырылып, соның нәтижесі бойынша "QSM Engineering" ЖШС бас мердігер болып анықталды. Ал "TEK.A.TEK.kz" ЖШС ғылыми сүйемелдеумен айналысатын болды.
Тұрғындар ауқымды істі бір мердігерге берудің тиімділігін байқай бастады. Кейінгі жылдары шыбын-шіркейдің саны айтарлықтай азайды. Оны сандар да айғақтайды. Биылғы көрсеткіштер бойынша, дезинсекциялық жұмыстар 90% көлемінде тиімділігін көрсетті.
Енді аталған мердігерлермен жасалған келісімшарттың мерзімі аяқталды. Сондықтан тағы үш жылға мемлекеттік конкурс жарияланды. Бұл жолы облыстық әкімдік қансорғыштармен күреске 7,8 млрд теңге жұмсауды көздеп отыр. Оның себебін жергілікті жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Айгерім Қабылтаева былай түсіндірді:
"Биыл қансорғыштардың дернәсілдерін өзенде улаумен қатар жалпы ауданы 71,5 мың шақырым болатын жайылымдық аумақ та авиаөңдеумен өтті. Алдағы уақытта осындай жұмыстарды Павлодар және Ертіс аудандарында жүргізу де жоспарда бар. Осылайша, келесі жылы әуеден өңделетін аумақ 127 мың гектарға жетеді. Сәйкесінше, материалдық-техникалық, еңбек ресурсы да күшейе түседі. Мысалы, былтыр төрт әуе техникасы қолданылса, 2024 жылы оның саны екі есеге көбейеді. Сол сияқты өзен жиегінде өңделетін аумақ 1130 гектардан 1800 гектарға дейін ұлғайтылады", - дейді ол.
Соған сәйкес, қаржылық шығындар да көбейе түспек. Бірақ тапсырыс беруші басқарма тиімділік 80%-дан асқан жағдайда ғана қаржы бөлінетінін бірден кесіп айтты. Жұмыстың нәтижесі бұл көрсеткіштен төмен болса, мердігер өз қаржысы есебінен қайта өңдеу жүргізуге міндеттелетін болады.
Атап өтерлігі, үш жылдық жоспарға сәйкес, әр жылы дезинсекциялық жұмыстарға орта есеппен алғанда 2,6 млрд теңге қарастырылмақ. Мұндай қомақты соманың жұмсалуын кейбіреулер құптаса, енді бірі қарсы шықты.
"Үш жылда шыбын-шіркейге жұмсалатын 7,8 млрд теңгеге 10 шақты мектеп салуға болады" дейді бәз біреулер. Енді бірінің пікірі жайлылық үшін, маса мазаны алмас үшін, оның шағуы аллергиялық сыртқаттарға әкелмеуі үшін қомақты қаржы бөлген аздық етпейтінін алға тартып отыр. Мұндай қыруар қаражатты бөлудің тиімділігі болар-болмасын келесі жылдың жазы көрсететін болады. Ал сол жұмысты атқаратын мердігер 25 қарашада анықталмақ.