Павлодарда жұмыртқа бағасы шарықтап барады

Ал фабрикалар өнімділікті азайтты.  

 Павлодарда жұмыртқа бағасы шарықтап барады Фото: Есенжол Исабек

Павлодар облысында жұмыртқа өндіретін екі бірдей кәсіпорын жұмыс істеп, облыс тұрғындарының жалпы сұранысын өтеп отыр. Соған қарамастан, әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізіміне кіретін бұл өнімнің бағасы аспандап тұр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Бүгінгі таңда өңірдегі сауда сөрелерінде жұмыртқаның бағасы құбылмалы. Мәселен, бірінші санаттағы өнімнің он данасы 520 теңгеден басталып, 600 теңгеге дейін жетеді. Тек таяуда ашылған "Jailau" базарында бағасы қолжетімді. Мұнда он данасын 395 теңгеге алуға болады. 

Ал іріктелген жұмыртқа тіпті қымбат. Оның он данасының бағасы кейбір дүкендерде 660-670 теңгеге дейін жетеді. Бағаның бұлай көтерілуі, әсіресе, зейнеткерлер мен әлеуметтік тұрғыдан осал топ өкілдеріне салмақ салып отыр. 

"Зейнетақы, жәрдемақы, еңбекақы өседі" деген жаңалық жарияланса болғаны, сөрелердегі баға бірден өсіп шыға келеді. Жұмыртқа – өзімізде өндірілетін өнім. Оны сырттан сатып алмаймыз. Олай болса, бағасы неге қолжетімді емес? Бір данасы үшін 65 теңге белгілеу – меніңше, ойға қонымсыз баға. Жұмыртқаның бағасы өссе, макарон өнімдері, бәліштер мен тәттілердің бағасы да қымбаттай түседі. Бір өнімнің бағасы көп тауарға әсер ететінін әрі ол тұрғындар жиі алатын тауар екенін ескеріп, шекті баға белгілесе артық болмас еді", - дейді павлодарлық зейнеткер Гүлсара Әбдірахманова. 

Шынымен, жұмыртқа – импортталатын өнім емес. Павлодар облысындағы "Павлодар-Құс" және "Шарбақты-Құс" фабрикалары жылына 140 млн данасын нарыққа жөнелтеді. Өңір тұрғындарының жалпы сұранысы – 120 млн дана. Яғни, сұраныс толығымен өтеліп отыр. Оған қоса, тұрақтандыру қорында 6,5 млн данасы бар. Алайда саны көп болғанымен, бағасы көңілден шықпай отыр. Бұған облыс тұрғындарымен қатар, аймақ басшысы Асайын Байханов та наразылық танытты. 

"Бірінші санаттағы жұмыртқаның 10 данасы кәсіпорындардан 420-440 теңгеден босатылады. Олай болса, сауда сөрелеріндегі баға неге 670 теңге? Бұл баға қайдан шықты? Фабрикалар өнімділікті арттыру үшін әкімдіктер не істеп жатыр? Тағы бір мәселе – қолжетімді болып саналатын құс еті өңірде мүлде өндірілмейді. "Қызылжар Құс" фабрикасының жұмысы тұралап қалған соң жергілікті өнім болмай қалды. Сондықтан бұл бағытқа инвесторлар тарту керек. Жалпы, қандай да бір өнім түрінің бағасы тұрақты әрі арзан болуын қаласақ, оны өзіміз мол көлемде өндіруіміз қажет", – деді Асайын Байханов. 

Бұл ретте облыс әкімі кейбір аудан-қалалардағы дүкендерде логистикалық шығындар мен үстемеақыны есепке алғанның өзінде бағаның негізсіз екенін қадап айтты. Мәселен, Екібастұздағы сауда сөрелерінде тұрған жұмыртқаның ондығының бағасы Павлодардағы дүкендерден 110 теңгеге қымбат. 

Айтпақшы, фабрикаларға әр жұмыртқаны өндіргені үшін мемлекет тарапынан 3 теңге субсидия берілетінін атап өтелік. Соған қарамастан "Шарбақты-Құс" фабрикасы қаржылық қиындықтардың барын алға тартып, былтыр құс санын азайтып, екі базаны жабуға мәжбүр болған. Соның салдарынан өнімділік 70 мың дана жұмыртқадан 38 мың данаға дейін азайды. Жағдайды қайта тіктеп, өнімділікті арттыру үшін жергілікті әкімдік кәсіпорынға 2,5 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беру тетігін қарастырып, қолдау көрсетуде. Бірақ бұдан дайын өнімнің бағасы түсе ме? Мәселе – осында. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу