Павлодар облысындағы кейбір мектептер тиісті қуаттылықтан артық балаларды қабылдап, оларға білім беруде. Мұндай мәселе әсіресе облыс орталығындағы мектептерде жиі кездеседі, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Жыл сайын Павлодар қаласындағы оқушылар саны көбейіп, тұтас жаңа аудандар мен көпқабатты тұрғын үйлердің салынуы нәтижесінде мектептерде білім алатын балаларға орын жетпей жатыр. Былтыр облыс орталығында жаңа екі мектептің пайдалануға берілуі арқылы тапшылық 11 мыңнан 7 мыңға дейін азайған еді. Енді кезекте бұл тапшылықты төмендету үшін тағы төрт мектеп салу жоспарда бар.
Атап айтқанда, алдағы үш жыл дересінде "Усолка", "Шығыс" шағын аудандарында, жаңадан бой көтеріп келе жатқан "Достық" ауданында және әзірше тек көпқабатты баспаналар салу жоспарланған "Жастар" ауданында әрқайсысы 1200 орындық болатын оқу орындары салынбақ. Бұл ретте "Достық" шағын ауданының балаларын қабылдайтын алғашқы мектептің негізі қиыл қаланады.
Сонымен қатар, №4, 22, 27 мектептердің жанынан 1200 орынға арналған жаңа корпустар бой көтереді. "Жайлы мектеп" бағдарламасының аясында құрылысы қолға алынатын оқу орындары бірыңғай стандарт бойынша жобаланып, жабдықталмақ.
Қалада оқушы орны тапшы болып жатып жатқан тұста кей ауылдарда керісінше бала саны әлдеқайда аз. Мысалы, Ақтоғай ауданына қарасты Басқамыс ауылындағы Шідерті орта мектебі кезінде 320 балаға арнап салынған. Алайда бүгінде мұнда бар-жоғы 28 оқушы білім алады.
Жергілікті билік осы және басқа да елді мекендегі осы іспетті мәселені қоныс аударушыларды, қандастарды қабылдау арқылы шешуді көздейді. Биыл Павлодар облысына ішкі көші-қон аясында республика бойынша ең көп квота бөлінгенін ескерсек, ауылдық жерлердегі оқушы саны да көбеюі мүмкін.