Петиция бойынша шешімді мемлекеттік органның бірінші басшысы қабылдайтын болады

428

Сенат отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бақылау, әкімшілік рәсімдерді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы екінші оқылымда мақұлданды.

Петиция бойынша шешімді мемлекеттік органның бірінші басшысы қабылдайтын болады Фото: opentv.media

Қоғамдық бақылау жүргізу тәртібін реттейтін ілеспе заңды сенатор Руслан Рүстемов таныстырды.

Тиісті құжат қоғамдық бақылауға қатысты салалық заңнамаларға өзгертулер енгізуді, петиция институтын регламенттеу жөніндегі түзетулерді қамтиды.

Руслан Рүстемовтің сөзінше, заңнамада петиция ұғымы беріледі. Петиция деп мемлекеттік органға, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органға электрондық құжат нысанында жіберілген ұжымдық хабар, үн қосу немесе ұсыныс түсініледі.

Бұдан бөлек Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте петицияларды беру және оны қарау тәртібі бекітілетін болады.

"Қазақстандықтар петицияны арнайы интернет портал арқылы бере алады. Уәкілетті орган петиция жария болғанша оның заңда бекітілген шарттарға сәйкестігін анықтайды", - деді ол.

Петицияны міндетті түрде қарау үшін оны қолдайтын дауыстардың шекті мәндері келесідей анықталатын болады:

- аудандық деңгей (әкімдіктер құзыретіне жататын мәселелер): халқы 50 мыңнан асса – 2,5 мың дауыс, қалғандары үшін халық санының кемінде 5%-ы;

- аудандық деңгей (мәслихаттар құзыретіне жататын мәселелер): халқы 50 мыңнан асса – 5 мың дауыс, қалғандары үшін халық санының кемінде 10%-ы;
- облыстық деңгей (әкімдіктер құзыретіне жататын мәселелер): әкімшілік-аумақтық бірлік халқының 1% дауысы болуы тиіс;

- облыстық деңгей (мәслихаттар құзыретіне жататын мәселелер): әкімшілік-аумақтық бірлік халқының кемінде 2%-ы;

- республикалық деңгей: кемінде 50 мың дауыс.

"Петицияны жан-жақты қарау мақсатында мемлекеттік орган петиция авторын шақырып, хабардар ете отырып, мемлекеттік орган шешімінің жобасын жария талқылауды ұйымдастырып, жеке комиссия немесе жұмыс тобын құрады. Мұндай шаралар петициялардың қоғамдық мәртебесі мен маңызын арттыруға мүмкіндік береді. Петиция бойынша шешімді мемлекеттік органның бірінші басшысы қабылдайды", - деді сенатор.

Айта кету керек, осыған дейін Сенат "Қоғамдық бақылау туралы" заңды мақұлдағанын жазған болатынбыз. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу