Көрмеге "Абылай хан резиденциясы" музей кешенінің экспозициялық қорындағы құнды жәдігерлер және жергілікті шебердің қолынан шыққан қару-жарақ қойылды, деп хабарлайды inbusiness.kz ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
"Туған өлкем - Қазақстан" деп аталатын ерекше көрмеге жалпы саны 60-тан астам жәдігер қойылған. Соның ішіндегі ең көрнектісі – музей қорында сақталған қазақтың көне қару-жарағы.
"Қару-жарақ – қазақ халқының мәдениетінің бір бөлігі. Халқымыз қаруға ежелден етене жақын. Ата-бабаларымыздың басынан қандай заман өтпеді, ұлан-байтақ жерді жаудан қорғау үшін қаруын алып, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен шайқасты. Осындай жерді бізге аманат еткен аталарымызға мың тағзым. Осы көрмеде қарулар бес түрге бөлініп қойылған. Олар: ату, шабу, соғу, түйреу және кесу қарулары. Оның барлығын осы жерден көруге болады. Соның бірегейі – Мұхаммедтің сүйікті қаруы Зұлпықар, кейін оны күйеу баласы Әлиге берген екен. Аңыз бойынша осы бір Зұлпықар қаруының Мұхаммедтің қолында қасиеті артып, ерекше күш берген. Оның жүзі де өзгеше, екіге айырылған. Сондай-ақ селебе – жартылай қылыш, шабу қаруына келетін болсақ – балталарды, соның ішінде айбалтаны көруге болады. 18 ғасырда жасалған білтелі мылтық та бар", – дейді музей қызметкері Назгүл Бейсембина.
Көрмеге сондай-ақ қазақтың батыр Сұлтан Бейбарыстың қылышы қойылған. Патша Артурдың семсері – Эскалибур, Үндістанның патасын да көруге болады. Мұның бәрі – жергілікті шебер Виктор Жаворонковтың қолынан шыққан бұйымдар.
"Суық және кәдесый қаруларын жасаймыз. Кәсіпорынның құрылғанына 25 жыл, осы аралықта 60 түрлі қару жасауды меңгердік. Әр қаруды жасамас бұрын тарихына үңілдік, зерттедік, ақпарат жинадық. Біздің қарудың тағы бір ерекшелігі – олардың Дамаск болатынан жасалуы. Өте ертеден келе жатқан технология, алты мың қабаттан тұрып, қайталанбас әдемі ою-өрнек береді. Көрмеге қазақтың ұлттық қаруы – қылыш, семсер, селебе, жекеауызды ұсындық. Мұхаммед пайғамбардың қылышы Зұлпықарды да біз әкелдік. Оны жасап шығу оңайға соққан жоқ. Қаншама кітапты ақтаруға тура келді. Екі жыл бойы ақпарат жинап, нәтижесінде жасап шықтым. Қазір оның үш түрі бар", – дейді қару-жарақ жасаушы шебер.
Көне қару-жарақ көрмесі 28 қазанға дейін жалғасады.