Пойыздардың үнемі кешігіп келуі қалыпты жағдайға айналып барады – Үкімет басшысы

416

"ҚТЖ" қызметіне қатысты шағымдар көптеп түсуде.  

Пойыздардың үнемі кешігіп келуі қалыпты жағдайға айналып барады – Үкімет басшысы Фото: ҚТЖ

Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

"Бүгінгі таңда жылжымалы құрам мен магистральдық желілердің тозу деңгейі шамамен 60%-ға жетіп отыр. Мұның бәрі пойыздардың жүрісі мен теміржолдың өткізу қабілетіне кедергі келтіруде. Шекарада жүктердің рәсімделуіне қатысты мәселелер бар. Бұл транзит, экспорт және импорт көлеміне әсер етеді", - деді Үкімет басшысы.

Әлихан Смайылов бизнес үшін құжаттарды барынша жылдам дайындап беретін "бір терезе" жүйесін құру қажеттігін баса айтты.

"Бұдан бөлек тұрғындар тарапынан "Қазақстан темір жолының" қызметіне қатысты көптеген шағым келіп түсіп жатыр. Пойыздардың үнемі кешігіп келуі, сервистің нашарлығы, ескірген вагондар – мұның барлығы қалыпты жағдайға айналып барады. Ал, бизнес болса вагондардың уақытында берілмеуін, ұзыннан-ұзақ келісу рәсімдерін айтып шағымдануда. Бұл бүкіл экономиканың дамуына кері ықпал етеді", - деді Премьер-Министр.

Теміржол саласында машина жасау, рельс өнімдеріне және түрлі жабдықтарға деген сұраныс үнемі жоғары, деп жалғастырды ол.

Үкімет басшысы бұл өнімдерді шығаратын көптеген ірі кәсіпорындар барын, алайда отандық өндірушілер сұранысты қанағаттандыра алмай жатканын жеткізді.

"Осы орайда шетелдік серіктестерге жүгінуге мәжбүр болып отырмыз. Отандық кәсіпорындар өндірісті кеңейтіп, қосымша жұмыс орындарын құруына, отандық экономиканың өсуін қамтамасыз етуіне болатын еді",- деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу