Премьер-министр жұмыс табуға жәрдемдесетін шараларды онлайнға көшіруге тапсырма берді

1508

Премьер-Министр Әлихан Смайылов бүгінгі үкімет отырысында цифрландыруды жетілдіруге тапсырма берді. Атап айтқанда, жұмыс табуға жәрдемдесетін шаралар, "отбасының цифрлық картасы" жобасы және мүгедек адамдарға қызмет көрсету салалары бойынша міндет жүктеді.

Премьер-министр жұмыс табуға жәрдемдесетін шараларды онлайнға көшіруге тапсырма берді Фото: primeminister.kz

"Жұмыс іздеп жүгінген азаматтардың кемінде 40 пайызына онлайн режимде қызмет көрсетілсін. Бұл уақыт үнемдеуге мүмкіндік береді. 2021 жылы электрондық еңбек биржасы арқылы 149 мың адамға онлайн қызмет көрсетілген, оның ішіне 6,5 мың адам жұмыссыз қалуына байланысты төлемдерді проактивті форматта алды, 79 мың адам еңбекке орналасты", – деді ол. 

Халықты жұмыспен қамту саласында бірыңғай ақпараттық жүйе құруды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, әкімдіктер және "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірлесе отырып жыл соңына дейін аяқтауы керек. Онлайн қызмет көрсету мемлекеттің ашықтығын көрсетеді, оқыту, гранттар, микрокредиттер сынды мемлекеттің қолдау шараларын қолжетімді етеді.

Екінші, 25 наурызға дейін Smart data ukimet базасында "Отбасының цифрлық картасы" жобасын іске асыру үшін мемлекеттік органдардың деректер қорымен жұмысын аяқтауды тапсырды. 

"Үшінші, 1 маусымға дейін қажетті медициналық ақпараттық жүйелер "мүгедектікті сырттай белгілеу" жобасына қосылсын және мемлекеттік қызметтің осы түрін сырттай алатын адамдардың үлесі 20 пайыз арттырылсын. Цифрлық формат мүгедектігі бар адамдар үшін өте маңызды. Сондықтан оларға арналған барлық қызметті, әсіресе, мүгедектігі медициналық-әлеуметтік сараптама арқылы сырттай белгілеу қызметін цифрландыру керек", – деді Смайылов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу