Президент адам құқықтарын қорғау жүйесіндегі басты міндеттерді атады

434

Мемлекет басшысы осы саладағы басты үш міндетті атады.

Президент адам құқықтарын қорғау жүйесіндегі басты міндеттерді атады Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев адам құқықтарын қорғау жүйесінің өкілдерімен кездесуде осы саладағы басты үш міндетті атады, деп хабарлайды Inbusiness.kz Ақордаға сілтеме жасап.

"БІРІНШІ. Құқық қорғау органдары және құқық қорғау құрылымдары алдын алу шараларына баса мән беруі керек.

Барлық түйткілді бағыттар бойынша проактивті түрде жұмыс жүргізу қажет. Азаматтардың құқығының бұзылуына жол бермеу және алдын ала болжау тетігін жетілдіру керек. Көп жағдайда бұл міндеттің табысты орындалуы азаматтық қоғаммен тығыз қарым-қатынас жасауға байланысты.

Құқық қорғау институттары өз төңірегіне сарапшыларды, үкіметтік емес ұйымдардың мамандарын шоғырландыруға тиіс. Сіздер мен құқық қорғау қауымдастығы арасында ашық диалог дамуы керек. Қазір осындай серіктестіктің жетіспейтіні байқалады. Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия реформалар барысына баға беру үдерісіне түрлі сарапшыларды белсенді түрде қатыстыруы керек.

Халықаралық құрылымдармен өзара қарым-қатынас жасаудың, сондай-ақ еліміздегі адам құқықтарының жай-күйін бағалау үшін серіктестер қолданатын көрсеткіштерді өз тәжірибемізге енгізудің маңызы зор. Комиссия мүшелерін барынша жұмылдыра отырып, бұл бағыттағы жұмысты күшейткен жөн"

ЕКІНШІ. Конституциялық Соттың жұмысын одан әрі жетілдіру қажет.

Азаматтар кейбір заңның және басқа да нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін тексеру қажеттігіне назар аударуда. Яғни, Үкімет заңдарға сыни тұрғыда мониторинг жүргізуі керек деген сөз. Бұл ретте жүргізілген құқықтық мониторинг нәтижесі бойынша Конституциялық Соттың шешімдерін ескере отырып, заң жүзінде бекіту қажет.

Парламент пен Конституциялық Сот тығыз байланыста жұмыс істегені жөн. Мәжіліс депутаттарының заң шығаруға бастамашылық жасау құқығы бар. Олар осы құқықты пайдаланып, нормативтік актілерге түзетулер енгізе алады"

ҮШІНШІ. Омбудсмен мен Арнайы мандатқа ие уәкілдер қызметінің тиімділігін арттыру қажет.

Олардың мемлекеттік шешімдерді әзірлеуге қатысу әлеуетін арттыру маңызды.

Сонымен қатар Үкімет пен әкімдер омбудсмендердің өкілдерін барлық кеңесші органның жұмысына қатыстыруы қажет. Уәкілдердің басты міндеті – азаматтардың мүддесі мен құқықтарын табанды түрде қорғау және ілгерілету.

Бала құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесі балалар мен отбасына төнетін қатерлерді жоюға тиімді ықпал етуге тиіс. Ол үшін осы саладағы уәкіл қоғамдық және мемлекеттік институттарды ұйыстыру мүмкіндіктеріне ие болуы керек.

Үкімет Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институтын одан әрі дамыту, оның инфрақұрылымын және жергілікті жерлердегі өкілдіктерінің мәртебесін нығайту мәселелерін пысықтауы қажет", - деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу