Президенттің кітапханаларға қатысты тапсырмасы қолға алынды

1467

Кітапханашылардың жалақысын көтеру мәселесі қарастырылуда.

Президенттің кітапханаларға қатысты тапсырмасы қолға алынды

"Оқуға құштар мектеп" жобасының екінші бағыты – мектеп кітапханаларының материалдық-техникалық базасын нығайту. Білім және ғылым министрлігінің "Оқулық" ғылыми-практикалық орталығының директоры Ғани Бейсембаевтың сөзінше, қазіргі кезде кітапханалардың бұл техникалық базасы сын көтермейді.  

"Оқуға құштар мектеп" жобасы тек әдебиеттер тізімін толықтырумен шектелмейді. Оның екінші бағыты – кітапханалардың материалдық-техникалық базасын нығайту. Бүгінде ол сын көтермейтін жағдайда. Тіпті, жаңадан салынған мектептерде кітапханаларға жеткілікті орын берілмегенін көріп отырмыз. Сондықтан бұдан былай оқушылардың оқуға құштарлығын арттыру үшін оқу залдары арнайы безендірілетін болады. Мектеп кітапханалары жаңа компьютерлермен қамтылады", – деді "Оқулық" ғылыми-практикалық орталығының директоры. 

Ал жобаның үшінші бағыты – кітапханашылардың әлеуетін көтеру. Енді олар жалпы аттестациядан өтіп, арнайы курстарда тәжірибесін жетілдіреді.  

"Педагогикалық жоғарғы оқу орындарында оқитын кітапханашы мамандар педагог-кітапханашы деген мамандыққа алмастырылады. Сонымен қатар олардың айлығын көтеру мәселесі де қарастырылуда. Төртінші, кітапхана қызметін үйлестіруге қатысты нормативтік-құқықтық актілерді жаңартып, жетілдіру. Бесінші, мектеп кітапханаларын цифрландыру бағытында жұмыстар жүргізу көзделген. Бұл – биыл басталған жұмыс", – деді Ғани Бейсембаев. 

Демек мектеп кітаптарының барлығы арнайы деректер базасына енгізіледі. Болашақта көркем әдебиеттер де ұлттық деректер базасына қосылады. Осылайша оқушылардың жиі оқитын кітаптары тіркеліп отырады.

"Осы арқылы балалардың қандай әдебиеттерге қызығушылығы жоғары екені сараланып отырады", – деді спикер. 

Еске сала кетсек, кітапхана айналасындағы қордаланған мәселелерді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда ғана көтерген болатын. Президент электронды формат қарқынды дамып жатқанына қарамастан, кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайтынын айтып, Білім министрлігіне бірқатар мәселені шешуді тапсырған.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу