Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желідегі кітапханалар тағдырына қатысты дауға нүкте қойды.
"Жақында әлеуметтік желіде еліміздегі кітапханалардың рөлі туралы қоғам назарын аудартқан пікірталас болды. Шындығына келгенде, бұл мәселенің мән-жайы баршаға түсінікті болуға тиіс. Бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес. Бүкіл әлемдегі кітапханалар – білім мен мәдениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікірлердің мекені. Электронды форматтың қарқынды дамып жатқанынан қарамастан, дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды. Сондықтан біз жалпы кітапханалардың жүйесі мен жұмысын ұйымдастыруға жаңаша көзқараспен қарауымыз қажет. Бұл ретте осы саладағы заманауи үрдістерді ескергеніміз жөн", – деген Мемлекет басшысы ауыл мектептерінің кітапханаларындағы проблемаға тоқталды.
"Жақында Ұлттық кеңес мүшесі Рауан Кенжеханұлы да маған ауыл мектептерін және кітапханаларын жаңғырту жөніндегі жобасын көрсетті. Тағы бір маңызды міндет – мектеп кітапханаларының кітап қорын жаңалау және толықтыру. Қазір бұл кітапханалардың қоры ескірген әрі жұтаң. Әсіресе, көркем туындылар мен әдебиеттер тапшы. Қазақ тіліндегі тиісті әдебиеттер өте аз немесе мүлде жоқ. Оқушылардың әлем әдебиеті классиктерінің шығармаларына қолы жете бермейді. Сонымен қатар оқу мәдениетін арттыру мәселесін кешенді түрде шешу үшін тілдік пәндер мен әдебиеттердің оқу бағдарламаларын қайта қарау керек. Білім және ғылым министрлігіне осы мәселелермен мұқият айналысуды және нақты ұсыныстар енгізуді тапсырамын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Есжан Ботақара
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!