Путин АӨСШК саммитінде не туралы айтты?

722

Ресей Президенті Владимир Путин Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммитінде сөз сөйледі, деп жазады inbusiness.kz. 

Путин АӨСШК саммитінде не туралы айтты?

"АӨСШК-де 30 жыл бойы бүкіл Азия өңіріндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға қатысты өзекті мәселелер талқыланып келеді. Бүгінгі кездесу жаһандық саясат пен экономикадағы елеулі өзгерістер аясында өтіп жатыр. Әлем көпполярлы бағытқа қарай өзгеруде. Осы тұста жаңа күш орталықтары күшейген Азия өте маңызды рөл атқарып отыр. Азия елдері – әлемдік экономикалық өсудің қозғаушы күші. Мұнда ШЫҰ, Оңтүстік Шығыс Азия мемлекеттерінің қауымдастығы, ЕурАзЭҚ сияқты интеграциялық бірлестіктер жоғары табыспен жұмыс істеуде. Ресей де осы процестерге белсенді қатысады", деді Ресей басшысы.

Владимир Путин өз сөзінде Азияның дамуы мен өркендеуін қолдайтынын мәлімдеді.

"Біздің кеңесіміз басқа да өзекті мәселелерді шешумен айналысуға мәжбүр. Оның ішінде әлемдік энергия тасымалдаушылары, азық-түлік, тыңайтқыштар, шикізат пен басқа да маңызды тауарлар бағасының өскенін айтқым келеді. Бұл дамыған және дамушы елдердегі өмір сапасының айтарлықтай нашарлауына әкеледі. Әсіресе кедей елдерде аштық пен жаппай дүрбелеңнің қаупі бар. Біз азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы шұғыл мәселелерді шешу үшін жаһандық жеткізу тізбегінің қалыпты жұмысын қалпына келтіруге кедергі келтіретін барлық жасанды, заңсыз кедергілерді жоюға шақырамыз", деді Путин.

Ресей басшысының айтуынша, әлемдік қаржы жүйесінің жұмыс принциптерін қайта қарау қажет. Оның бірінші қадамы ретінде өзара есеп айырысу жүргізгенде ұлттық валюталарды неғұрлым белсенді қолдану қажеттігін атап өтті. Владимир Путиннің сөзіне қарағанда "мұндай шаралар мемлекеттердің қаржылық егемендігін нығайтуға, капиталдың ішкі нарықтарын дамытуға және экономикалық интеграцияны тереңдетуге ықпал етпек".

Одан бөлек Ресей Президенті кеңеске мүше мемлекеттердің террористік қатерге қарсы іс-қимылда, экстремистік топтарды анықтау және бейтараптандыруда, олардың қаржылық қоректенуіне тосқауыл қоюда, есірткі трафигіне қарсы күресте ынтымақтастықты нығайту керек екеніне де атап өтті.

"Өкінішке қарай, Ауғанстан біздің аймақ үшін сын-қатерлер мен қауіптің бірі болып отыр. Бұл елдегі АҚШ пен Солтүстік Атлантикалық Келісім ұйымының (НАТО) 20 жылдан астам уақыт бойы әскери қатысуы, террористік қауіп-қатермен байланысты олардың мәселелерін өз бетінше шешуге қауқарсыз болып шықты", деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу