Рахым Ошақбаев Жолдаудың жүзеге асырылуы туралы: “Қиындықтар бар”

483

Қазақстанда бірнеше жылға созылған үлкен макроэкономикалық проблема бар.

Рахым Ошақбаев Жолдаудың жүзеге асырылуы туралы: “Қиындықтар бар”

Бұл туралы ҚСЗИ Ұлттық сараптама алаңындағы кулуарда “TALAP” қолданбалы зерттеу орталығының директоры Рахым Ошақбаев айтты.

“Меніңше, соңғы тағайындаулар ең әуелі бұрынғы және қазіргі жолдауда Үкіметтің алдына қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін әлдеқайда тиімді кадрлық құрамдастыруды табуға бағытталған. Қазіргі тағайындаулардың ішінде су ресурстары министрлігінің құрылуын атап өткен маңызды. Су мәселесі – бүгінгі таңда және келешекте ел алдында тұрған негізгі мәселенің бірі. Сол себептен жеке мемлекеттік органның бөлінуі орынды деп есептеймін. Жаңадан тағайындалған министр Нұржігітов мырзаның өзінен бұрынғы Зүлфия Сүлейменоваға қарағанда қолынан жақсырақ келеді деп үміттенеміз. Экономист ретінде барлық тағайындаудың ішіндегі ең маңыздысы Ұлттық Банк төрағасы болып Тимур Сүлейменовтің тағайындалуы дер едім”, - деді Рахым Ошақбаев. 

Сарапшы елімізде бірнеше жылға созылған үлкен макроэкономикалық проблеманың барын атап өтті. Оған монетарлық саясат тиімділігінің өте төмен болуын жатқызды.

“Елімізде өте қарапайым экспорт құрылымы бар. Біз бірнеше тауар санатының экспортына өте тәуелдіміз. Сол себептен мұнда инфляцияға әсер ету құралы ретінде базалық мөлшерлеменің тиімділігі өте төмен. Барлық тұтынушының оған көзі жетті деп ойлаймын. Өйткені ТМД-ның барлық елдеріне қарағанда Қазақстандағы инфляция ең жоғары. Біз қандай да бір ішкі не сыртқы толқуларды сезінбейтінімізге қарамастан, инфляциялық таргеттеу саясатын жүргізудің теріс жағы бар. Оған экономиканың нақты кәсіпкерлік секторын несиелеудің төмендеуі жатады. Президент бұл туралы бірнеше рет айтқан болатын”, - деп атап өтті спикер.

Сарапшы Жолдаудың экономикалық тұрғыдан жүзеге асырылуы қаншалықты мүмкін деген сұраққа да тоқталды.

“Көптеген қиындық бар. Бірақ бұл оны жүзеге асыруға себеп бар деген сөз емес. Қиындықтардың бірі ретінде инфрақұрылымның тозуын айтсақ болады. Біз энергия тапшы елге айналып барамыз. Себебі біз уақытылы жаңғыртуды жүзеге асырмадық, өндіруші өнеркәсіпке инвестиция салмадық. Сол себепті қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрған өнеркәсіптік кәсіпорындар энергия, газ тапшылығына тап болуда. Тиісінше шұғыл түрде инфрақұрылымдық жоспар құру қажет. Ол бесжылдық немесе Президент айтқандай үш жылдық болуы мүмкін”, - деді сарапшы.

Оның айтуынша, негізгі инфрақұрылымды инвестициялауға өте белсенді ақша жұмсау керек. Себебі облыс орталықтарында, тіпті елордада да жарық, су және т. б. бойынша іркілістер бар.

“Екіншіден, бұл өте үлкен инвестициялық ресурстарды қажет етеді. Оның қайнар көзі Ұлттық қор, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жобалары, шетелдік инвестициялар болуы мүмкін. Жолдауды жүзеге асыруда көптеген қиындықтар бар. Бірақ кадрлық құрамдастыру оны белгілі бір дәрежеде жүзеге асыра алады деп үміттенейік”, - деп қорытындылады “TALAP” қолданбалы зерттеу орталығының директоры Рахым Ошақбаев.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу