Ресейдің қазақстандық көмір тасымалына шектеуі ЕАЭО алаңында талқыланады

1136

РФ-ның транзитке шектеу қолдануынан қазақстандық көміршілер ай сайын 11 млн АҚШ долларынан астам шығын шегіп отыр.

Ресейдің қазақстандық көмір тасымалына шектеуі ЕАЭО алаңында талқыланады

Қазақстан – Ресей үкіметаралық комиссиясының шегінде транзитті шектеуді жою мәселесі қаралды. Отырыс Нұр-Сұлтанда 15-16 қазанда өткен болатын. Келіссөздер нәтижесінде Украинаға қазақстандық көмірді ай сайынғы жеткізуі көлемі 40 пайызға – 120 мың тоннаға дейін өсетін болды.

Дегенмен ұсынылған мөлшер қазақстандық экспорттаушылардың сұранысын толық көлемде жаппайды.

"Қазақстандық экспорттаушылар қарашаға Украинаға 200 мың тоннадан астам (204.61 мың тонна) транзитке өтінім берді. Ресей тарапы бір жақты тәртіппен экспортымызды шектеп отыр, біздің ойымызша, бұл кедергі болып табылады", – дейді ҚР сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.

Оның айтуынша, Ресей тарапымен ендігі келіссөздер ЕАЭО алаңында жалғасады.

"Еуразиялық экономикалық одақ барлық қатысушыларға тең құқылы шартқа кепілдік береді. Оның ішінде, үшінші елдерге біздің тауарлардың еркін тарнзитін қамтамасыз ету де кіреді. ЕАЭО бойынша әріптестеріміздің іс-әрекеттері басқа елдермен экономикалық байланыстарға бөгет болмауға тиіс",– дейді Бақыт Сұлтанов.

Айта кетсек, РФ-ның транзитке шектеу қолдануынан қазақстандық көміршілер ай сайын 11 млн АҚШ долларынан астам шығын шегіп отыр.

Шілдеде қазақстандық тарап Украинаға 103,5 мың тонна көлемінде көмір жеткізетінін хабарлаған, ал Ресей тарапы 60,2 мың тонна көлемінде квотаны мақұлдапты. Тамызда 240,8 мың тоннаға сұраныс түссе, 86,5 мың тонна мақұлданған. Қыркүйекте өтінім бойынша 189,7 мың тонна болса, ресейлік тарап 86,5 мың тоннаға дейін қысқартқан. Қазанда 191,9 мың тоннаға өтінім жасалса, РФ 86,5 мың тоннаны мақұлдаған. Осылайша келісілген көлемнің жеткізілмеуінен украиндар қазақстандық көмірден бас тартқан.

Одан басқа, вагондарды Ресей темір жолдарының негізсіз тоқтату фактілері орын алған.

Мысалы, шілдеде "АрселорМиттал Теміртау" АҚ 80,4 мың тонна транзитке өтінім берген. Ресейлік тарап 55,2 мың тонна транзит көлеміне келісім берген, алайда кешірек бұл көлем үш есе азайтылған және 13,6 мың тоннаны құрған. Нәтижесінде 189 вагон "тастанды" сипатымен ресей-украина шекара асуының маңында тоқтатылған.

Осылайша, Қазақстан украиндық әріптестеріне тек шілде-қыркүйекте ғана 340 мың тоннаға жуық жеткізбеген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу