Алматының үш тұрғыны мен ресейлік хакер ірі акционерлік қоғамның шотынан 300 млн теңгеден астам қаржыны үптеп кетіпті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
"Тергеу департаменті ірі акционерлік қоғамның шоттарынан 300 млн теңгеден астам қаражатты жымқырған топқа қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр. Қаражатты жымқыру күдігіне 3 адам ілікті, олар қамауға алынды", – деді Санжар Әділов.
Оның сөзінше, Алматы қаласының тұрғындары ресейлік хакермен бірлесіп, жалған 14 аккаунт арқылы акционерлік қоғамның интернет-ресурсындағы ақпараттық төлем жүйесіне кірген. Осылайша арам ойларын жүзеге асырған.
"Олар қосарланған транзакция құрып, қаражатты еліміздегі және Ресейдегі екінші деңгейлі банктердің төлем карталарына заңсыз аударып отырған. Бұған қоса қаражатты қазақстандық байланыс операторларының абонеттік нөмірлеріне жөнелткен. Күдіктілер қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып, төлем картасын іздеумен, SIM карта сатып алумен, ұрланған ақшаны биткоинға айырбастаумен және оны криптоәмиянға аударумен айналысқан", – деді тергеу департаментінің басшысы.
Белгілі болғандай, тергеу амалдары жалғасуда. Қазақстан мен Ресейдің құқық қорғау органдары барлық күдіктілерді қолға түсіру жоспарын жүзеге асырып жатыр.
Қанат Махамбет