Ресеймен шекара сызығы әлі белгіленбеген аумақ бар

782

Ресеймен шекара сызығы әлі белгіленбеген аумақ бар. Шығыс Қазақстанда 300 шақырымдай жер әлі шегенделмеген боп шықты. 

Ресеймен шекара сызығы әлі белгіленбеген аумақ бар Фото: baq.kz

Оның себебін бүгінҰлттық қауіпсіздік комитеті түсіндіруге тырысты. Шекара қызметінің басшысы демаркациялау жұмысының сонша сағызша созылуына "табиғи жағдайлар кедергі келтіріп отыр" деп құтылды. Тіпті, шекараны шегендеуге әлі де біраз уақыттың қажеттігін жасыра қоймады.

"Ол аумақ таулы өлкеде. Шегендеудің өзі 2 кезеңдік жұмыстан тұрады. Мемлекеттік шекараның сипаттамасы жазылатын теориялық-жазбаша және шекараға барып, шекара сызығы қай жерден өтетінін анықтайды. Сондықтан климаттық, ауа райы жағдайын, сол жердің рельефтерін ескере отырып, жұмыс баяу жүргізіліп жатыр. Былтыр Шемонаиха ауданында жұмыс істелді. Қазір шамамен 50 пайызы қалды", дейді ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары  шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов. 

Негізі, Қазақстан 5 мемлекетпен шектесіп жатыр. Шекараның жалпы ұзындығы  13 мың 394 шақырым. Әлем бойынша ең ұзын шекара Қазақстан мен Ресейге тиесілі. Өзбекстанмен 2 мың 351 шақырымға дейін жалғасады. Ала шапанды ағайынмен шекараны сызуда біраз қиындық туындаған. Ұзақ келіссөзден кейін ресми Астана өткен жылдың желтоқсанында ғана аумақты толықтай шегендей алды. Қытаймен 1995 жылы түбегейлі белгіленді. Қазақстан мен Қырғызстан арасы 2008 жылы демаркацияланды. Түркіменстанмен аумақты сызуда қиындық тумады. Процесс жеңіл өтті деуге болады. Келісімге 2001 жылы қол қойылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу