Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов отандық дәрігерлерді шетелге оқытуға жіберу мәселесін көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Біріншіден, сіздерде (ред. – Денсаулық сақтау министрлігі) робот бар ма? Сұрақтарымызға тақырыпқа қарап жауап бере береді ғой. Сұрақтың өзін оқымайды. Өз басыма солай көрінеді. Дайын тұрған бір жауапты бере береді. Мысалы, ковид кезінен бері үкіметтің уәде еткен ақшасын ала алмай отырған адамнан бастап Арқалықтағы дәрігерлердің қателігінен мүгедек болып қалған адамға дейінгі адамдардың өтініші. Енді менің өтінішім – көмекшіңізді ме, біреуді бекітіп қойсаңыз. "Дежурный" жауаптарыңыздан шаршап кеттім", - деді депутат.
Ринат Зайытов дәрігерлерді шетелде оқытуға 300 млн теңге бөлінетінін айтты.
"Осыған байланысты бір оқиға айтып берейін. Жақында Түркияда болды. Сол жақтағы азаматтар "Түркияға адамдарды жіберіп оқытудан пайда жоқ" деп сізге дұғай сәлем айтып жатыр. Себебі, біздің дәрігерлер, жасыратыны жоқ, ол жаққа барады да, оқығаннан гөрі қыдырғаны көп болады. Одан да сол ақшаға түріктің маманың алдыртып, Қазақстанда озық технологиямен неге оқытпайды деп айтып жатыр. Келесі мәселе – МӘМС. МӘМС мемлекетке жасалған үлкен қастандық деп ойлаймын. Оның ішінде біріншісі – Президенттің сөзін бұрмалау. Президент Жолдауында "міндетті" деген сөзді айтқан жоқ. Онда "ерікті әлеуметтік медициналық сақтандыруды тәжірибеге енгізуді ұсынамын" деді. Біздікілер "шаш ал десе, бас алады". Ерікті дегенді міндетті қылып жібердік. МӘМС-ті қазір тоқтата алмасақ, мен сізге бір мысал айтып берейін. Аягөзде МӘМС-тің жоқтығынан адам қайтыс болған. Сондықтан жаппай халықты қабылдайтын жүйе ойлап табуларыңызды сұраймын", - деді мәжілісмен.
Айта кету керек, осыған дейін Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерге тоқталғанын жазған болатынбыз.