Салық салудың жеңілдетілген режимі енгізіледі

1208

Салық салудың жеңілдетілген режимі енгізіледі

Салық салудың жаңа жеңілдетілген режимі кірістері 12 еселік айлық жалақы мөлшерінен төмен өзін-өзі жұмыспен қамтушылар үшін енгізіледі. Бұл туралы бүгін ҚР үкіметінің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында ҚР қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Мәди Тақиев айтып берді, деп хабарлайды primeminister.kz.

Мәди Тақиевтің айтуынша, бүгінгі таңда еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, қаржы, энергетика министрліктері ауқымды түзетулер блогын әзірлеп жатыр, онда өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін салық салудың арнайы режимін қолдану қарастырылған.

"Ол бірыңғай жиынтық төлем деп аталады. Біздің назарымыздан тыс қалған барлық өзін-өзі жұмыспен қамтушылар БЖТ төлейтін болады. Неліктен олар біздің назарымыздан тыс қалып отыр? Бізде салық кодексіне сәйкес, кірістері 12 еселік айлық жалақы мөлшерінен кем болатын барлық азаматтардың тіркелмеуіне болады. Яғни, бұл санаттағылар өзін-өзі жұмыспен қамтушылар болып саналады. Біз жаңа жеңілдетілген режимді солар үшін енгіземіз", — деді Мәди Тақиев.

Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары сонымен қатар декларацияны тапсырудан жалтарған азаматтар үшін белгілі бір жаза түрлері қарастырылғанын айтты.

"Біріншіде оған ескерту жасалады, екіншісінде – әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мемлекеттік қызметкерлер үшін айыппұл мөлшері 50 АЕК құрайды", — деді ол.

Сонымен қатар Мәди Тақиев қазіргі кезде барлық мемлекеттік қызметкерлердің мүлік туралы декларацияны тапсырып отырғандарын айтты. Мемлекеттік қызметке тұрғанда үлкен декларацияны, жыл сайын кезекті декларацияны ұсынып отырады. Ол ағымдағы жылдың 31 наурызына дейін ұсынылады. Барлық декларация камералық тексерістен өтеді.

Спикердің айтуынша, салық төлеушілер сонымен қатар қолма-қол ақшалай қаражаттарының көлемі туралы деректерді де ұсынуға тиіс.

"Үйде сақтап отырған барлық қолма-қол ақшалай қаражаттарыңызды көрсетесіз. Егер ол сома 500 АЕК асатын болса, бұл 12 млн теңгеге жуық, онда ондай соманы банкте сақтау керек", — деді ол.

Айта кетейік, жалпыға бірдей декларациялау жүйесін енгізудің мақсаты — көлеңкелі экономикамен және сыбайлас жемқорлық көріністерімен күресу үшін жеке тұлғалардың кірістері мен мүліктерін тиімді бақылау жүйесін құру. Жалпыға бірдей декларациялау жүйесін енгізу салықтық әкімшілендіру бойынша барынша қамтып, салықтардың толық төленуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазақстанның барлық азаматтары үшін жалпыға бірдей декларациялауды енгізу 2020 жылдың 1 қаңтарынан қарастырылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу